Алаша хан кесенесінің құпиясы қашан ашылады?
Ұлытаудағы Алаша хан кесенесін көнекөздер 12 ғасырда салынған десе, кейбірі 15-16 ғасырға телиді.
Заманында Мәшһүр Жүсіп бұл жерде Шыңғыс хан жатыр деген-мыс. Жергілікті жұрт та осыған ден қояды. Өйткені ұлы қаһанның үлкен ұлы Жошы, Шыңғыс ханның сұрқылтайы Домбауыл да осы маңға жерленген.
Жергілікті жұрттың дені: «Алаша хан кесенесі Шыңғыс ханға тиесілі», - дейді. Ал Алаша хан деген қаһанның лақап аты-мыс.
Асқар Ермекбаев, Жезқазған қаласының құрметті азаматы:
-Бұл Алаша хан деген хан жоқ қазақтың тарихында. Тарих бойынша бұл Шыңғыс хан.
Бұл кесенеде Шыңғыс хан жатыр деудің бір себебі жаугер қаханның үлкен ұлы Жошы осы жерден 20 шақырымдай ғана қашықта жерленген. Құлан ана, Болған ана секілді Шыңғыс хан әулетінің 14 тұлғасы осы төңіректе жатыр. Дегенмен Алаша хан туралы да аңыз көп.
Әлібек Күзербаев, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының директоры:
-Атақты тарихшы Рашид ад диннің еңбегінде Алаша хан Яфет деп айтылады. Бұлжа хан немесе Алаша хан. Яфет деген - тарихта шежірелерде кездесетін Нұх пайғамбардың баласы. Соны Алаша хан деп атаған дейді.
Аңыз әңгімелерге сенсек, Алаша хан тым ерте дәуірде өмір сүрген. «Ал кесене беріде, 12 ғасырда ғана қабырғасы қаланған. Және бір мезгілде емес, 4-5 ғасыр бойына салынған», - дейді кей деректер. Өйткені зерттеушілер бұл нысанның бойынан 17 түрлі кірпіш тапқан.
Айдар Ысқақов, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының ғылыми қызметкері:
- Кірпіштің құрамын зерттеу нәтижесінде қойдың құйрығы дейді, кірпіштер мықты болу үшін қымыз қосқан дейді. Анализдердің нәтижесінде құрамында казеин болған.
1946 жылы кесенедегі қабірді ғұлама Әлкей Марғұлан қазған. Ғалым 11,12 ғасырларда салынған деген болжам айтқан. Бұл Шыңғыс хан дәуіріне тұспа-тұс уақыт. Осы кезде Алаша хан кесенесінің ішін қазып, ішіне ауыл адамдарын жалдап түсірген.
Асқар Ермекбаев, Жезқазған қаласының құрметті азаматы:
-Бір 18 жасар жігіт Сейтқазы барған екен, сол барған 5 адамның 4-еуі қабірді ашып түсіпті. Сол не керек, 4 адам қайтыс болды, Сыртында тұрған жігіт ауру болып қалды.
Осыған қарап, жұрт: «Бұл жерге тегін адам жерленбеген», - дейді. Архитектор Герасимов кесененің салыну кезеңін 13 ғасырға телиді. Ал архитектор Алмас Ордабаев 16 ғасырға жақындатады.
Әлібек Күзербаев, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының директоры:
-Жошы ханның да кесенесі біраз уақыттан кейін салынды. Шамамен 100 жылдан кейін. Оны ұрпақтары салған деп айтылады. Алаша ханды да кейіннен салған болуы мүмкін. Өйткені ол көшпелі заманда мүмкін салатын адам болмады ма?! Мүмкіндіктер болмауы мүмкін. Сол сияқты Алаша ханды ғалымдар зерттей келе, оның бір емес, бірнеше ғасыр бойы салынғанын дәлелдеген.
«Алаша хан, Жошы хан кесенелеріне алғашқыда бір адам, кейін оның жанына тағы біраз адам жерленген», - дейді кей зерттеуші. Ал әу баста тек кесененің өзі ғана тұрғызылған, ешкімнің сүйегі қойылмаған деген де болжам бар. Ал алғашқы сүйек Алаша хан емес, берідегі Керей немесе Хақназардікі бәлкім.
Айдар Ысқақов, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының ғылыми қызметкері:
-1998 жылдары зерттеу жұмыстарын Смайылов Жұмат жүргізеді. Бұл кісі Алаша хан мазарын ғана емес, Жошы ханды да зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Бір емес, бірнеше адамның қаңқа сүйектері шығады, бірақ біреуі ғана осы мазарға тиесілі келетінін жазады.
Рашид аддиннің жазбаларындағы қисынға сенсек, Шыңғыс ханның сүйегі бұл жерге жетпеген. Алаша хан жайлы Шоқан Уәлиханов, Қаншы Сәтбаев, бірнеше шет жұрттық ғалымдар да жазған. Бірақ мұнда әу баста кім жерленгені – әлі күнге жұмбақ.
Айдар Ысқақов, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының ғылыми қызметкері:
-2018 жылы жетекшіміз Айбар Қасеналин болады. Осы Ұлытау-Жезқазған өңірлерін кешенді түрде зерттеу жұмыстары басталады. Бірақ әлі зерттелу үстінде.
Бір белгілісі кесенеден ертеректе Төрелерге, Арғын, Дулатқа және белгісіз тағы екі таңба, яғни бас-аяғы 5 белгі табылған. Сосын меңіреу далада қауқиып, күңгірлеген күмбезді кесене ғана тұр. Көшпелілер өркениетінің тас белгісі кейінгі ұрпаққа қашан сыр ашатыны белгісіз. Бірақ Алаша хан жұмбағы әйтеуір бір ашылатынына сенейік.