АЭС құрылысына дайынбыз ба?
2035 жылға қарай елде электр энегриясы тапшы болады.
Оған себеп көп. Халық санының өсуі әсіресе урбанизация ресурстардың тұтыну көрсеткішін едәуір арттырады.
Сондықтан баламалы энергия көздерін көбірек игерген абзал. Ал атом электр станциясы салу мәселені қаншалықты шешуі мүмкін? «Бұл анық» айдары.
Біздің ел Атом Электр станциясын 2035 жылы іске қосуы мүмкін. Қазақстан атом электр станциялары компаниясының бас директоры Тимур Жантикин осындай пікірде. Оның айтуынша, құрылыс алаңы ретінде Алматы облысындағы Үлкен ауылы таңдалған.
Бірақ экологтар нысанды Балқаш көлінің маңайына салуды қолдамайды. Өйткені атом энергетикасын өндіру табиғи су көздерінің сарқылуына, экожүйенің бұзылуына алып келуі мүмкін.
Қазір әлемде 412 реактор жұмыс істейді. Оның 90 пайызы су жағасында орналасқан. Нақты Балқаш көлінің өзіндік булануы 18 мың шаршы шақырымға тең. Ал АЭС салынса, оның жылына 0,3 пайызы кәдеге жаратылады дейді сарапшылар. Демек, ядролық кешен су балансына соншалықты зардабын тигізбейді. Тіпті суды мүлде қажет етпейтін технологиялар қарастырылған.
Елде ресурстарды тұтынуы көрсеткіші артып жатыр. Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, 10 жылдан кейін оның үлесі сағатына 153 млрд кв-тқа жетуі мүмкін. Ал қазір энергия көздері оның 135 млрд-ын ғана қамтуға қауқарлы. Бұл нысандардың да тозығы жеткені күнде айтылып жүр.
Осы ретте АЭС салудың маңызы туындауы заңды. Біздегі уран қоры мен ғылыми база бұған қаншалықты дайын?
Жақып Хайрушев, Қазақстанның құрметті энергетигі:
- АЭС-тегі Қазақстанның үлесі басым болады. Мысалы уран біздікі. Демек, 50 пайызы қамтулы. Десе, энергетикалық машина құрылысы бар. Әзірге оны толық игердік деп айта алмаймыз. Генератор, насостарды біз шығармаймыз.Сол себепті осындай өндірісті қазірден қолға алу керек. Жалпы АЭС салуда қазақстандық жабдықтардың 50 пайыздан кем болмауы маңызды.
Саланың қыр-сырына қанық Тимур Жантикин болашақ нысанды салуға қанша қаражат қажеттігін атап өтті. Бұл шамамен 10-15 млрд доллар көлемінде болмақ. Қазір АЭС құрылысы бойынша 13 жоба қарастырылып жатыр. Жалпы жоба 2 кезеңмен жүзеге асады. Құрылысты қоса алғанда, бас-аяғы 10 жылды қамту ықтималдығы бар.
Тимур Жантикин, "Қазақстан атом электр станциялары" ЖШС Бас директоры:
- Осы 13 жобаның ішінен елімізде іске асыруға ең қолайлы төртеуі таңдалды. Қазір олардың егжей-тегжейлі қарастырып жатырмыз. Алғашқысының құны 10-15 млрд доллар болады. Қаржыландыру көздері әлі пысықталуда. Бұл негізінен халықаралық қаржы институттары болмақ. Жоба әзірге мемлекеттің араласуынсыз коммерциялық болып саналады. Тиісінше оның талаптары да бар.
Мамандар елімізде АЭС салынар болса, оның қуаты 2800 мегаватқа жетуі керек дейді. Әрі 3 және 3+ буынды су реакторлы болуы маңызды. Бұл көпшілікті алаңдатқан қауіпсіздік мәселесін шешеді. Өткенге сүйенсек, дәл осындай нысандарда бұрын-соңды апат болмаған.
Қалдықтардан арылу да көкейдегі сұрақ. Мысалы еуропалықтар оны қайта өңдейді. АҚШ көмеді.
Тимур Жантикин, "Қазақстан атом электр станциялары" ЖШС Бас директоры:
- АЭС-тен шыққан қалдықтарды утилизация жасаудың түрлі технологиясы бар. Бұл біз қай тұжырымдаманы таңдаймыз соған байланысты. Мәселен, жоғары белсенді қалдықтар яғни пайдаланылған ядролық отынды біз өз елімізде жерге көмеміз немесе осы отын түрін сатып алған елге қайта өңдеу үшін жөнелетеміз. Уран қалдықтарынан қосымша плутони бөлінеді. Сөйтіп оксидтік отын түрін шығаруға болады. Ол ядролық отын циклін 300 есе арттыруға мүмкіндік береді. Бірақ отынға қатысты біз әлі нақты шешім қабылдамадық. Бірақ өз елімізде өндірілгенін қалаймыз. Сонда ешкімге тәуелді болмаймыз. Бізде қазір француз технологиясы негізінде Қытай нарығына ядролық отын шығаратын кәсіпорын бар.
Жалпы елдегі энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бірнеше станса салу керек болады. Тимур Жантикин ұсыныстың сұраныстан жоғарырақ болғаны абзал дейді. Ал бірінші АЭС жалпы генерацияның 8-10 процентін ғана қамти алады.
Қалай дегенмен, АЭС салу мәселесінде халықтың пікірі ескеріледі. Жақында мұны мемлекет басшысы тағы айтты. Жалпыхалықтық референдум өтеді. Бұл анық.