Дамып жатқан әр үшінші бизнестің басында әйел тұр
Әлемде дамып жатқан әр үшінші бизнестің басында әйел тұр.
Жыл сайынғы халықаралық зерттеу нәтижесі осындай.
Сауда және қызмет көрсетуде ғана емес, қыз-келіншектер қайта өңдеу мен көлік салаларында да өз кәсібін дөңгелетіп отыр.
Қазақстанда да бизнестің бел ортасында жүрген әйел көп. Кезек «Бұл анық» айдарында.
Мерей Мұратханқызы, тілші:
- Жыл сайынғы халықаралық зерттеуге 115 мемлекет қатысқан. Оған сай әйел кәсіпкерлердің үлесі басым аймақ ретінде Орталық және Шығыс Азия елдері танылды.
Қазақстанда да қыз-келіншектердің кәсіпке бет бұруына негіз көп. Барлық облыста әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы бар.
Былтыр мұндай орталықтарда 13 мыңнан аса қызмет көрсетілген. Ұлттық экономика министрлігінің мәлімдеуінше, 8700-ден аса консультация беріліпті. 2500-ға жуық қыз-келіншек бизнес оқытудан өтті.
Бұдан бөлек 100 кәсіпорын бизнес шолумен қамтылды, 300-ден аса кәсіпкер әйел қаржыландыру көздерін тарту бойынша біліктілігін арттырды. Тағы 1 мыңнан астам қыз-келіншекке халықаралық жобаларға қатысу мүмкіндігі берілді.
Назгүл Мақжан, кәсіпкер:
- Мен электротехника саласында, сонымен қатар медиа саласында ісімді дөңгелетіп жүрмін. Елде әйел мен ер адамға бірдей мүмкіндік жасалған деп ойлаймын. Тек әйелдер түзде ғана емес, үйдің де шаруасын қатар алып жүру керек. Мұндайда мемлекеттен бөлек, отбасының да қолдауы маңызды. Іскер әйелдердің ортасында жүрген соң, әлеуетін бағамдай аламын. Ұлы істердің басы-қасында жүрген қыз-келіншек көп.
Шағын және орта бизнес жайлы да ақпарат бере кетейін. Соңғы 5 жылда мұндай бизнес субъектілерінің жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарының үлесі 69%-ке өсті.
Оның ішінде әйелдер басқаратын кәсіп саны 891 904-ке жеткен. Бұл ШОБ-тегі қыз-келіншектердің тең жартысы. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша елде 726 885 жеке кәсіпкер әйел бар. Заңды тұлғалар саны 100 мыңға жуықтаған. Ал шаруа қожалығы саласында 65 113 әйел басшылық етеді.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Бизнесті мемлекеттік қолдаудың сұранысқа ие шараларының бірі «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларының құралдары болып отыр. Атап айтқанда, өткен жылдың қорытындысы бойынша кредит сомасы шамамен 1 трлн теңгені құрайтын 12 мыңнан астам бизнес жобасы кредиттерді субсидиялау арқылы жеңілдетілген қаржыландыру шараларымен қамтылды. 340 млрд теңге сомасына 8 мың жоба бойынша кепілдік берілді.
Бұл қолдау бизнестегі барлық тарапқа көрсетілген. Қаржылық емес те демеу бар. Оның аясында 10 мыңға жуық кәсіпкер оқытылды, кәсіпкерліктің түрлі мәселелері бойынша 166 мыңнан астам кеңес берілген. Жалпы биыл бюджетте шағын және орта бизнестің 40 мың жалғасып жатқан және 20 мың жаңа жобасын қолдауға қаражат дайын.
Табиғатынан шығармашылық ойлауға бейім әйелдер жаңа әлемдік инновацияның көшбасшысы да бола алады. Бұл анық.