Алматыда Асанәлі Әшімовке арналған музей-бұрыш ашылды
Биыл қазақтың тұңғыш халық әртісі, актер Елубай Өмірзақовтың туғанына 125 жыл.
Ол кісінің ұлттық кино саласында ешкімге ұқсамайтын өз сүрлеуі бар. Амангелді Иманов туралы фильмде Амангелдінің рөлін сомдағанын жақсы білесіздер. Бұл фильм ел тарихындағы тұңғыш дыбысты көркем фильм екенін айта кеткен жөн.
Қайта тумас Елағаң
Биыл қазақтың тұңғыш халық әртісі Елубай Өмірзақовтың туғанына -125 жыл. Біртуар тұлға ұлттық театр және кино өнерін өрістетуге өлшеусіз үлес қосты. Айтулы датаға орай Алматыда еске алу кеші өтті. Болашақ актердің талантын танып, ақ батасын берген жазушы-драматург Бейімбет Майлин болатын. Сахна шебері көзі тірісінде 150-ден астам рөлді сомдаған. Ал фильмографияда 20-дан астам кейіпкерді ойнады. 1938 жылы жарық көрген ел тарихындағы тұңғыш дыбысты көркем фильм – «Амангелдіде» басты рөл Елубай Өмірзақовқа бұйырды. Өнер иесін еске алу кешінде «Жұлдызы жарқыраған өнер иесі» атты көрме жасақталды. Тума таланттың өмірі жайындағы еңбектер мен үнтаспалар келушілер назарына ұсынылды.
Алматыда Асанәлі Әшімовке арналған музей-бұрыш ашылды
Алматыдағы мемлекеттік архивте қазақ кино әлемінің корифейі Асанәлі Әшімовке арналған музей-бұрыш ашылды. Еңбек ері өзі тұтынған заттары мен кітаптарын, бірқатар қолжазбаларын архивке өткізді. Төккен тердің өтеуіндей сансыз марапаттар көзі тірі абыздың өнегелі ғұмырынан хабар береді.
Кей адам кино үшін туады. Міне - Асанәлі Әшімов сондай. Ол өнер атты асауды ерік-жігерімен, бұла талантымен ырқына көндірді. Актердің атақ-даңқын аспандатқан екі фильм бар десек, «Қыз Жібек» пен «Атаманның ақыры» ойымызға оралады. Әсіресе кейінгісі актердің бағын жақты. Тіпті сөз арасында қалжыңдап: «Мен өлмей Шадияров өлмейді» деуі де текті өнерге деген шексіз құрметін білдірсе керек.
Мына таспалар кино өнерінің ұшар биігінде тұрған Асанәлі Әшімовтан бір белгі. Жақында абыздың өнегесін өскелең ұрпаққа дәріптеу мақсатында
Алматы қаласының мемлекеттік мұрағатында музей-бұрын ашылды. Ақсақал өзінің қолжазбалары мен жылдар бойы жиған марапатын архивке өткізді. Жәдігерлердің қай-қайсы да тау тұлғаның сәулелі ғұмырының ұшқыны іспетті.
Асанәлі Әшімов, Қазақстанның еңбек ері:
- Қалалық архив көптен бері осы жұмыспен айналысып жатыр. Жалғыз менің архивім емес ол, одан да көп адамдар. Бұл жақсы бастама. Тарих, келешек үшін, келешек ұрпақ үшін жасап жатқан дүние ғой. Рақмет ұйымдастырып жатқан азаматтарға.
Архив қабырғасындағы арнайы қор 2011 жылы ашылған болатын. Қазіргі таңда мұнда 200-ден аса заттай дерек бар.
Нағима Нұрманова, Алматы қаласы мемлекеттік архивінің жинақтау қызметінің басшысы:
- Бұл кісінің қандай адам болғанын, біздің мемлекетке қандай еңбек сіңіргенін дәріптейтін осы құжаттар мен осы кісінің қолданған заттары деп санаймын. Тарихты тұлғалар жасайды сол тарихты дәріптеу үшін біздің жасап отқан еңбегіміз.
Өнер саңлағы Асанәлі Әшімов талай жасты қанатының астына алып, жөн сілтеген білікті ұстаз.
Мұхтар Қосыбай, Асанәлі Әшімовтың шәкірті:
- Ол кісі бізге әке ретінде, бізді өзінің баласы ретінде солай тәрбие берді. Ол кісі бізге кітап оқуды үйретті, бұл - бізге берген ең басты тәрбиесі. Академиядағы сабақтан бөлек, басқа да іс-шараларға шақырып, көптеген концерттерге, спектакльдерге баулыды. Өзінің үйіне де қонаққа шақыратын, біз сол кісінің үйіне барып, қонып дегендей.
Асанәлі Әшімов - екі дәуірдің өнердегі алтын арқауына айналып, қазақ мәдениетін әлемдік деңгейде танытқан тағдырлы тұлға. Қазақ киносының төлқұжаты.
Авторы: Назерке Тоқжан
Ақтауда «1001 күй» жобасы жүзеге асырылуда.
Белгілі музыка маманы Әлия Қарамұхан талапкерлерге тегін домбыра үйретіп қана қоймай, қазақ күйлерінің тарихы мен атақты күйшілердің өмірбаяны туралы мол мағлұмат береді. Үйренушілердің алғашқы легіне жасы мен жасамысы аралас 70 талапкер қабылданыпты. Домбыра сабағы үш түрлі әдіс-тәсілмен өтеді. Соның бірі – ата-бабаларымыз қолданған есту арқылы үйрету.
Қабілеті бар талапкер үшін мұндай қайталаудың пайдасы зор. Қарапайым және түсінікті тәсілді таңдаған Әлия Қарамұхан үйренушілеріне ертелі-кеш білгенін бөлісуден жалыққан емес. «1001 күй» жобасында да осыны негізге алған. 20 минуттық домбыра сабағын таспаға жазып алып, өңдейді, сосын аптасына 2 рет шәкірттеріне жібереді. Барлығы мектептегідей, тіпті үй тапсырмасы да бар.
Әлия Қарамұхан, жоба жетекшісі:
- Бұл жобадағы біздің басты мақсатымыз - Маңғыстау күйшілік мектебінің ел жадынан ұмытылып бара жатқан тың күйлерін кеңінен насихаттау. Қазір 2 апта өтті, күйге ден қойып жатырмыз.
Оқу бағдарламасына 5 музыкалық шығарма, сонымен қатар композиторлардың өмірбаяндары кіреді. 9 жасынан домбыраны жанына серік еткен Әлия Қарамұхан қазір музыкалық колледжде мұғалім болып жұмыс істейді. Қазірде ол білгенін көппен бөлісуді мақсат тұтқан. Домбыра курсына жазылғандардың бірі – Інжу Мұхтар. Жас талапкер қазірдің өзінде бірнеше күйді еркін орындай алатынын мақтаныш етеді.
Інжу Мұхтар, домбыра үйренуші:
- Ең бірінші қолымның домбыраға қойылуын түзеп жатырмын. Кейде бас бармағым басылмай қалады. Ал күйлерге келетін болсақ, халық арасында кеңінен таралып жүрген, бәрі білетін «Балбырауын», «Адай», «Еркесылқым» секілді күйлерді меңгердім. Қазір «Фестиваль маршы» деген күйді үйреніп жатырмын.
Жобаға негізінен маңғыстаулықтар қызығушылық танытқанымен, еліміздің басқа өңірлерінен де бірнеше адам онлайн форматта дәріс алып жүр. Наурыз айында музыкалық дайындықтың қорытындысы шығады. Жергілікті қатысушылар үшін шығармашылық кездесу ұйымдастырылады. Барлық үйренушіге арнайы сертификаттар беріледі.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Тамара Степанова, Саламат Бекбаев
Р. Садығұловтың сурет көрмесі ашылды
«Бұл - менің әлемім». Алматыда осындай атаумен суретші Рақымжан Садығұловтың жеке көрмесі ашылды. Қылқалам шебері ел назарына 70-ке жуық жұмысын ұсынды. Гобелен, кескіндеме, графика жанрындағы бұл еңбектер Рахымжан Садығұловтың көп жылғы ізденісі. Ол салған картиналардың саны бүгінде 150-ден асып жығылады. Ал шығармашылығының негізгі - тарихи тұлғалар мен қазақ эпостарынан бастау алады. Мәселен, «Абылай хан», «Томирис», «Аңырақай шайқасы» өнерсүйер қауым арасында жоғары бағаланды. Рахымжан Садығұлов бейнелеу өнері бағытында бірнеше оқу-әдістемелік еңбек жазған. Автордың Қастеев музейіндегі көрмесі 16 ақпанға дейін жалғасады.