Өнердің құдіреті шексіз

Ана тіліміздің мерейін үстем етіп, жұлдызын биікке көтерген тағы бір сала - өнер.

Тіпті ұлты өзге азаматтар қазақша мінсіз ән шырқағанда еріксіз таңдай қағасың. Әрине, өнер ұлт талғамайды. Дегенмен, мұның өзі біз үшін зор мақтаныш.

Бұл Димаш Құдайбергеннің Гонконгта өткен концерті. Залға жиналған көрермен әншімен бірге қазақша ән шырқауда. Иә, алты алашқа ғана емес алты құрлыққа танымал әншіміз Димаш Құдайбергеннің өнеріне тәнті тыңдармандары қазақ тілін үйреніп жүр. Кейбірі арнайы курстарға жазылып, әнші репертуарындағы әндерді жатқа айтады.

Кармен Сандовал:

- Қазір мен қазақ тілін үйреніп жатырмын. Себебі мен Қазақстанға барғым келеді. Мен Димаш және Қазақстан туралы әндер жазамын.

Набила Адха Хайруниса

- Мен қазақ тілін Димаш Құдайбергеннің арқасында үйреніп жатырмын. Маған оның музыкасы мен кішіпейіл сыпайы және тәтті мінезі қатты ұнайды.

Май Фам:

- Менің ойымша қазақ тілі шексіз бай тіл. Енді мен достарыма осы әдемі тілді үйретіп жүрмін.

Димаш арқылы қазақ тіліне аңсары ауғандардың көбі Ұлыбритания, Индонезия, Қытай және Корея елдерінен. Олар онлайн курсқа ғана емес, қазақ тілінде өтетін бизнес форумдарға, семинарларға да қатысады.

Азамат Жүсіпқали, Шетелдегі отандастармен жұмыс департаментінің менеджері:

- Қазақ тілі курстарына шет мемлекеттерден өте көптеген ұсыныстар қатысуға келеді. Оның ішінде әрине осы Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері де бар. Олардың қатысуындағы негізгі себеп ол қазақ өнеріне, қазақ әндеріне деген сүйіспеншілік, махаббат, қызығушылық деп білеміз. Олар тек қазақ тілін емес олар Болашақта осы Қазақстанмен жақынырақ танысуға келіп көруге деген пікірлері бізге келіп жатыр.

Кореялық музыкант Сон Вон Соб қазақ әндерін корей тіліне аударып шырқап жүр. Тіпті Домбыраның құлағында ойнайды. Қазақстанда болып, біраз жерді аралаған. Көшіп келуге де ниетті. Бұл күнде қазақ тілінен дәріс алып, тіл үйренуде. 

Түрлі ән байқауының жеңімпазы Александр Филатовтың орындауындағы  нағыз қазақы болмысқа толы «Отан Ана» әні талай тыңдарманды таңдай қақтырды. Мұндай әнді еш қиындықсыз, қазақ тілінде шырқау екінің бірінің қолынан келе бермес. Алайда өнер де шек жоқ. Ұлық музыка ұлтты да, тілді де таңдамайды.

Иә, өнердің құдіреті шексіз. Бұл күнде қазақ өнері арқылы қазақ тілі де шетел асты. Демек, болашақта төрткүл дүние қазақша ән салып тұрар бәлкім.

Авторлары: Зарина Кәп, Наурызбай Құрманғазы