ТМД тарихындағы тұңғыш көпэтносты ансамбль
Елімізде ТМД тарихындағы тұңғыш көпэтносты ансамбль құрылды.
«Бірлік» деп аталатын жаңа ұжым «Қазақконцерт» ұйымы жанынан ашылды. Бірегей құрам 130 этностың мәдени мұрасын насихаттайды. Соның ішінде қазақ әні мен биін алыс-жақын елдерге танытуға тиіс. Ал тұсаукесер концерт Алғыс айту күніне орай ұйымдастырылады.
Қыз-жігіттер күнделікті 4-5 сағатын, тіпті кейде одан да көп уақытын би залында өткізеді. Себебі әне-міне дегенше концерт күні таяу. Александрина Хомицкая - академиядағы оқуы біте салысымен, осында келеді. Ол би өнеріне бала кезден қызыққан. 1 курс студенті ансамбль қатарына өткенін зор жетістік деп санайды. Дегенмен көп ішінен суырылып шығу оңай болмаған.
Александрина Хомицкая, «Бірлік» ән-би ансамблінің артисі:
- Қатты қобалжыдым. Өйткені үміткерлер де көп болды. Ал ансамьлдің құрылатыны жайында ұстаздарымнан естіп білдім. Ірітеу екі кезеңнен тұрды. Жеке дара, топ болып та өнер көреттік. Үміткерлерге қойылатын басты талап біреу, тек жақсы билеп шығу болатын.
Ансамбльде Александрина секілді 16 талапты һәм талантты қыз-жігіт бар. Ділі мен түрі әртүрлі болса да барлығын өнерге деген махаббат топтастырды. «Бірін-бірі мүлде танымаған жастар бүгінде бір үйдің баласындай. Оны жаттығу кезінде-ақ байқадық. Ұжым болып ұйысып өнер көрсету үшін де жақыныңа жанашырлық керек», - дейді ұстаздары. Ал одан соң әрине білім маңызды.
Жуырда бишілердің шеберлігін шыңдау мақсатында Өзбекстан, Ресей мен Татарстаннан өнер қайраткерлері арнайы шақырылды.
Жібек Давленова, «Бірлік» ән-би ансамблінің артисі:
- Татар биін Айрат Ринатович және Ләйсан Рашитовна қойған. Олар татар биінің негізгі қимылдарынан көрсетті. Қазақ биін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Зәуре Бекімбайқызы қойған. Ансамбльде болу үлкен жауапкершілік.
«Бірлік» ансамблінің репертуары тек халық билерінен тұрады. Бояуы қанық, әр ұлт пен ұлыстың өмір салтынан туған бұл билер баға жетпес мәдени құндылық. Мың бұралған бишілер қазір қазақ, орыс, татар және өзбек билерін пысықтап жатыр. Бұдан бөлек, жеке орындаудағы тағы екі би көрерменге паш етіледі. Ансамбльдегі күміс көмей әншілердің де ел-жұртқа тартуы аз емес. Тәй-тәй басқан ұжымның тұсаукесер концерті Бейбітшілік және келісім сарайында 1 наурыз - Алғыс айту күнінде өтеді.
Авторы: Назерке Тоқжан
«Бақшасарай бұрқағы» балеті қойылды
Ал «Астана опера» сахнасында әйгілі «Бақшасарай бұрқағы» балеті қойылды. Қойылымның әдеби негізі Александр Пушкиннің аттас поэмасынан алынған. «Бақшасарай бұрқағы» - жаһандық балет жауһары. Басты кейіпкерлер - қызғаншақ Зарема, сезімтал Мария және Герей хан арасында лаулаған махаббат хикаясы баяндалады. Спектакль нәзік, әдемі пластикалық иірімдерден тұрады. Бұл қойылымның тұсаукесерін осыдан 90 жыл бұрын хореограф Ростислав Захаров жасаған болатын. Айдан Қалжан Герей ханның рөлін сомдады. «Драмалық балет өнерінің үздік үлгісін сахнада қою көптен бергі арманым болатын», - дейді ол.
Айдан Қалжан,«Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының артисі:
- Мен 4 жыл бұрын бұл балетті көрген едім, осы театрға келіп. Сол кезде мен осы партияны билегім келеді деп армандаған едім. Араға төрт жыл салып, арманым орындалды. Бұл енді физикалық тұрғыдан қиын емес, бірақ та актерлік шеберлікті талап етеді.
Дубайда Шәмші әндері шырқалды
Біріккен Араб Әмірліктерінде Шәмші әндері шырқалды. Бұл – «Kazakhs of the world» аясында ұйымдастырылған төртінші жоба. Бағдарламаның мақсаты – біртуар қазақ таланттарын дүниежүзіне таныстыру. Бұған дейін Францияның Канн қаласы мен Дубайдағы Тода театрында «Сазген сазы» ансамблінің концерті ұйымдастырылып, әлемге танымал қазақ моделі Алла Елшін туралы танымдық кеш өткен.
Бибігүл Нысанбаева, тілші:
- Біз қазір Дубайдағы Стенуэй концерт залында тұрмыз. Бұл жерде композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған камералық концерт өтіп жатыр. Бұл Шәмші әлемімен таныстыратын шет мемлекетте өтіп жатқан алғашқы шығармашылық кеш.
Көрнекті композитор, ән жанрының майталманы Шәмші Қалдаяқовтың 300-ден астам шығармасы болса, оның елуге жуығы елге етене таныс. Біртуар тұлғаның ғажайып сазды, лирикалық назға толы туындыларын білмейтін қазақ кемде-кем.
Жүрек тербеп, қиял қозғайтын сазгер әндері қазақ өнерпаздарының орындауында бірінен соң бірі шырқалды. Әр әннің өзіндік терең тарихы бар.
Даут Шайхисламов, жоба продюсері:
- «Kazakhs of the world» жобасы аясында Қазақстаннан келген әртістердің шетелдік концерттерін өткізу дәстүр бізде. Ол Францияда Каннадан басталды. Біз сондай-ақ, Швейцарияда және Женевада концерт өткіздік. Ал бүгін Дубайда «Kazakhs of the world» жобасы екінші рет. Бүгін біз Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық кешін ұйымдастырдық.
Камералық кеште композитордың ұлы Мұхтар Қалдаяқов әке шығармашылығындағы туындылардың шығу тарихын әңгімелеп, маэстро өнер көрсетті. Өзі ғана емес, ұлы Нұрсұлтан да әйгілі музыка жазушысының мұрасын скрипкамен орындады.
Мұхтар Қалдаяқов, дирижер, сазгердің ұлы:
- Камералық концертте әкем жақсы көрген «Сағынышым менің» әні орындалды. Бұл әнді біз оркестрлік бағдарламаға жақында ғана қостық. Оны баритон әнші Расул Жармағамбетов орындап шықты. «Құшақ жайған қандай адам» әні, бұл әннің сазын да, сөзін де әкем өзі жазған. Халық бұл әндерді тыңдағанда таң атыруға дайын.
Елден жырақта жүрген отандастарымыз үшін мұндай кешті тамашалау жиі бола бермейтін мүмкіндік. Сондықтан Дубайда өткен концертті көруге көрермендер өзге әмірліктерден арнайы келді. Қазақ даласын тербеткен Шәмші әуендері әмірлік көрермендерін де тебірентіп жіберді.
Расул Жармағамбетов, опера әншісі:
- Шетелдік шығармашыларды айтқанның өзінде, мысалы көптеген Еуропаның мемлекеттерінде жүрміз. ол жерде қазақтар өзіміздің бауырларымыз келеді, бірақ бұл жерде Шәмші атамыздың әні болғандықтан залдың энергетикасы, көзге толған жас, ән айтып жатқанда соның барлығы өте үлкен әсер қалдырады мен үшін.
Авторлары: Бибігүл Нысанбаева, Ералы Тілеуіш
Қазақстандық фильм бас жүлдені иеленді
Қазақстандық «Айқай» фильмі Франциядағы халықаралық кинофестивальдің Гран-Приін жеңіп алды. Бұдан бөлек, картина тағы 3 марапатқа ие болған. Басты рөлді сомдаған актерлердің еңбегі ерекше еленді.
Айта кетейік, «Айқай» - Кенжебек Шайқақовтың екінші толықметражды фильмі. Ол Семей полигонындағы ядролық сынақтан зардап шеккен адамдардың қилы тағдырын сипаттайды.
Жан-Марк Теруанн, Азия киносы халықаралық фестивалінің негізін қалаушы:
- Біз бұл ядролық сынақтар мен олардың қоршаған ортаға зиянын қозғайтын өте ауыр тақырыптағы мықты картина деп бағалаймыз. Тәнті болдық. Сценарий, сюжет, монтаж, сапа - бәрі толық үйлесімін тапқан.
Андре Иванов, Франциядағы қазақ киносы қауымдастығының президенті:
- Бұл фильмнің тақырыбы әлі өте өзекті деп ойлаймын. Қазылар алқасының мүшесі ретінде кейіпкерлердің осындай ауыр кезеңде бір-біріне деген риясыз қарым-қатынасын көріп, риза болдым, қатты толқыдым.