Елордада «Бірлік» ансамблінің тұсаукесер концерті өтті
Елордада түрлі этнос өкілдерінен құралған «Бірлік» ансамблінің тұсаукесер концерті өтті.
Шығармашылық ұжым алғашқы тартуын Алғыс айту күніне орай ұйымдастырды. Түрлі ұлттың тыныс-тіршілігінен сыр шертетін қойылымдар көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
«Бірлік ансамблі». Елді мекен еткен этнос өкілдері берік ынтымақта екендігінің анық айғағы іспетті. Қазақтың "Күй шашуына" билеген славян мен домбыраны шерткен қытайды тек осы ұжымнан ғана көруге болады. Сахнада барлығы 200 адам өнер көрсетті. Оның ішінде шамамен 60 этнос өкілі бар. Ал бұл кеш осы өнерпаздардың ортақ Отаны – Қазақстанға алғысы.
Жанатай Қожабеков, хореограф:
- Іріктедік, арасында қабілеті барын алдық. Дайындығымыз 1 ай болды. Бұл өте аз уақыт. Соған қарамай осы концертті өткізуге тырыстық. Бір айдың ішінде. Бәріміз енді бас қосып, тату-тәтті болып, алғыс деген сияқты бір-біріне сол мақсатқа арналған ансамбль.
Тұсаукесер-концертті көруге жиналған халықтың қарасы қалың болды. Өнерпаздармен бірге олар да ел аузындағы есті әндерді шырқап, би биледі. Осылайша, Ансамбль мүшелерінің ғана емес, тұрғындардың да бірлігі бекем екенін көрсетті. Айтпақшы, шараға шетел елшілері де келіп, таңданысын жасырмады.
Нико Схермерс, Нидерланд Корольдігінің Қазақстандағы елшісі:
- Бұл - керемет шоу болды. Мен қазақстандықтардың ризашылығын көрдім. Жыл сайын мұндай мерекеде ұлттық өнер дәріптелуі оң құбылыс. Қазақстан – бақытты ел. Алғыс айта алатын, мультимәдениеттілігімізді көрсете алатын күннің бары қандай керемет. Әр ұжымның өнерін телефонға түсіріп алдым.
Джордж Панамтундил, архиепископ:
- Бүгінгі кеш қатты ұнады. Алғыс күнінде, осылай бірлігінің бекем екенін көрсету жақсы бастама екен. Шынымен, алғыс - үміт пен сенімді оятатып, жақсылыққа үндейтініне сенемін.
Кештегі құрметті қонақтың бірі – Беларусь елшісі Павел Утюпин. Ансамбль құрамында шетел саясаткерінің қызы да өнер көрсетті. Олар ұлтының мәдени кодын сақтауға атсалысып, қоғамға қызмет етуге мүмкіндік бергені үшін халқымызға алғысын жаудырды.
Павел Утюпин, Беларусь Республикасының Қазақстандағы елшісі:
- Тәуелсіз Қазақстанда тұрып, елді дамытуға үлес қосып жатқан этностардың ішінде беларусьтар да бар екенін мақтан етемін. Кеш жоғары деңгейде өтті. Бұл елдің тыныс-тіршілігін анық көрсете білді. Менің қызым да өнер көрсетіп, маңызды шарада Беларусь мәдениетімен бөлісті.
Шығармашылық ұжым құрамын кастинг арқылы іріктеген. Елдің түкпір-түкпірінен 20 өнерпаз жинап, жұмысын бастады. Оларға шетелдік хореографтар, Ресей, Татарстан, Өзбекстан және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері тәлімгерлік жасады. Ал концерт «Жолымыз бір» әнімен аяқталды. Осылайша, олар қанымыз бөлек болса да, бір тудың астына біріккен жолымыздың ешқашан айырылмайтынын меңзесе керек.
Авторлары: Бекзат Аманов, Ержан Қанапияұлы