Алматыда суретші Әсия Хайруллинаның көрмесі ашылды
Алматыда белгілі суретші Әсия Хайруллинаның жеке көрмесі ашылды.
Әсия ханым акварель жанрының шебері екенін бәріміз білеміз. Бұл жолы автор ел назарына 100-ден астам картинасын ұсынып отыр.
«Яссауи жолы» спектаклі қойылды
Биыл - сопылық поэзияның негізін қалаушы, ойшыл Қожа Ахмет Яссауидің туғанына 930 жыл. Осыған орай Түркістанда «Яссауи жолы» атты спектакль қойылды. Драматург Жұмат Жолтайдың шығармасы университет студенттерінің қатысуымен сахналанды. Өрімдей 27 қыз-жігіт мәні терең тарихи туындыны өз мәнерінде ойнап шықты. Спектакльде әділдік пен зұлымдық, білім мен надандық, мейірім мен қатыгездік қатар жүреді. Сол арқылы ұлы ойшылдың адами һәм қайраткерлік келбеті ашылады. Жастардың өнерін тамашалауға келгендердің қатарына елімізге белгілі театр майталмандары да болды. Олар болашақ әртістердің талантына тәнті болып, ақ жол тіледі.
Әсияның акварель әлемі
Ал Алматыда белгілі суретші, акварель жанрының шебері атанған Әсия Хайруллинаның көрмесі ашылды. Жинақ «Сезін» деп аталады. Ол жерге автор 100-ден аса картинасын қойған. Қанық түстер мен түрлі эксперименттерді жасауды ұнататын суретшінің кез келген туындысы көрерменге ерекше әсер сыйлайды. Әсия Хайруллина күрделі жанрда өз қолтаңбасы бар, тамаша дүниелерді жарыққа шығарған талант. Оған бұл қасиеті әкесі, қазақ бейнелеу өнерінің айтулы тұлғасы Үкі Әжиевтен дарыса керек. Әсияның бірегей еңбектерін қазіргі таңда Ұлттық музейден тамашалауға болады. Сондай-ақ Қытай, АҚШ , Еуропа мемлекеттерінде жеке коллекциялары жасақталған.
Жүсіпбек Аймауытұлының туғанына - 135 жыл
Биыл - бес арыстың бірі Жүсіпбек Аймауытұлының туғанына - 135 жыл. Осыған орай астанада «Қазақ руханияты және Жүсіпбек Аймауытұлының көркемдік әлемі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ғалымдар қайраткер ақталып шыққан 30 жылдың ішінде оның өмірі мен шығармашылығын індете зерттей бастады. Соның нәтижесінде былтыр «Тезөлмен» атты бұрын-соңды беймәлім болған өлеңі табылды. Бұл жұмыстар жалғасады, дейді мамандар. Себебі Жүсіпбек Аймауытовтың қазақ әдебиетін өрістетуге сіңірген еңбегі телегей теңіз. Ғылыми ізденістері біртөбе. Бүгінгі ұрпақ баба өнегесін білуі тиіс, дейді жиналғандар.
Рақымжан Сағынбекұлы, филология ғылымдарының докторы:
- Өмірбаянына, шығармашылығына қарасақ, артында мол мұра қалдырған. Әсіресе әдебиеттің барлық жанрларында. Өлең жүйесінде проза, драматургия. Біздің ізденушілеріміз әсіресе жас ғалымдарымыз арнаулы тақырыптар алып, қорғай бастады. Бұл ретте Жүсіпбек Аймауытұлының шығармашылығы қазір жұрттың қолында.
Дарынды балалар аналарға арнап ән салды
Атырауда 8-наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Дарын» ер балалар хорының аналарға арналған «Асыл ана» мерекелік концерті өтті. Халықаралық байқауларда жеңімпаз атанып жүрген жас өнерпаздар аяулы жандарға арнап ән салды. 6 мен 12 жас аралығындағы бүлдіршіндерден құралған би топтары мен дәстүрлі әншілер өнер көрсетті. Жанды дауыста ән шырқаған балалар көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. «Дарын» ер балалар хоры алғаш 2001 жылы құрылған. Содан бері Италия, Франция, Түркия, Грузия және Белорусияда өткен халықаралық конкурстардан жүлделі оралды. 23 жыл тарихы бар хордың төртінші толқыны қазір көптің көңілінен шығып жүр.
Алтын Жұматина, «Дарын» ер балалар хорының жетекшісі
-Бүгінгі концерт 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған. Аналарымызға, өзімізден кейінгі сіңлілерімізге арналған «Асыл ана» атты концертіміз. Баршаңызды келе жатқан мерекемен құттықтаймыз! Дендері сау болсын. Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді, дейді. Сондықтан ананың денсаулығы мықты болса, келешек, болашағымыз мықты болады деген ойдамыз. Бүгінгі концертте Алтын Жұматина атындағы өнер мектебінің балалары да өнер көрсетеді.
Астанада әжелер шеруі өтеді
Ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға әжелер атсалысады. Бүгін ақ жаулықты аналардың бір шоғыры Нұрлы жол вокзалында ерекше шара өткізеді. Олар ұлттық киімдер топтамасын көрсетіп, ел тұрғындарын көктем мерекесімен құттықтайды.
Елорда төрінде мұндай сән шеруі алғаш рет өтіп жатқанын айта кетейік.