Хореографияның алтын бесігі

Хореографияның алтын бесігі

Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесіне биыл 90 жыл толады.

Бұл еліміздегі тұңғыш кәсіби балет мектебі. Ашылғалы бері балет пен би ансамблінің артистеріне бастапқы хореографиялық білім беріп келеді. Осы білім ордасын бітіріп шыққан 50-ге жуық түлек Қазақстанның еңбек сіңірген артисі мен қайраткері атанды. Олардың арасында Ресей мен Татарстанның өнер иелері де бар.

«Білім ошағының іргесі 1934 жылы қаланған. Содан бері 90 жыл өте шықты. Бұл аз уақыт емес. Осы аралықта қыруар жұмыс атқарылды. Алдағы жоспар тіптен ауқымды», - дейді Алматы хореографиялық училищесінің директоры Мұрат Түкеев. Расында бұл жер кәсіби балет артистерін дайындайтын ұстаханаға айналды. Алғаш  құрылған кезде балалар үйінің жанынан ашылған. Кейін жаңа ғимаратқа көшті.

Мұрат Түкеев, Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі директорының м.а.:

- 1976 жылы училище қаланың орталығында орналасқан жаңа ғимаратқа ие болды. Бұл кәсіби тұрғыда хореографиялық білім алуға оның сапасына, кәсіби өсуіне ықпал етті. Ол кезде өте мықты ұстаздар сабақ берді. Мәскеуден, сол кездегі Ленинградтан мамандар шақырылды. Басқа да елдердегі осы бағытты оқытатын жетекші оқу орындарынан ұстаздар келді.

Училищенің дамуына өлшеусіз үлес қосқан адамдар аз емес. Солардың ішінде балет өнерін дамытуда Қазақ КСР халық әртісі Александр Селезневтің еңбегі ерен. Ол өзінің бар білімін ұлттық балет өнерінің өркендеуіне оның қанат жаюына жұмсады. 1988 жылы оқу орнына есімі берілді.

Людмила Ли, Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің көркемдік жетекшісі:

- Ол училище үшін аянбай ең етті. Біздің жүріп өткен жолымыз сол кісінің есімімен тікелей байланысты. Осында оқыған Абиров, Райбаев, Аюханов сияқты мықты өнер иелері сол кісінің тәлім-тәрбиесін алды.

Людмила Лидің айтуынша, оқуға балалар 10 жастан бастап қабылданады. Кейін арнайы емтихан бағдарламасы бойынша іріктеледі.

Людмила Ли, Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің көркемдік жетекшісі:

- Біздің мектепте 3 бөлім бар: жалпы білім беретін, жалпы арнайы және  кәсіптік білім. Қазір біз де өзгелер сияқты заман ағымынан қалмауға, соған ілесуге тырысамыз. Соған орай жаңа пәндерді енгіздік. Қазіргі хореография, неоқазақ хореографиясы және ұлттық өнеріміздің тарихы оған қоса Батыс Еуропа өнері де  терең оқытылады.

Ғасырға жуық уақыт ішінде балет мектебі 2 мыңнан астам түлек ұшырды.  Тек соңғы 30 жыл ішінде солардың 500-ге жуығы халықаралық байқауларда  лауреат атанған. Олар балет пен халық билерін тамаша орындап, көременнің ілтипатына бөленген.

Рамазан Біләл, 2 курс студенті:

- Мен классикалық бағытта оқимын. Біздің училищеде біз деген тек қана балетпен шектелмей бізге ерте жастан бастап, училищеде музыка саласы бар. Бишінің тек қана  қимыл істері техникасы емес, оның шеберлігі музыканы қалай сезінетін және пластикалық амплитудасы оған көрсетеді.

Бүгінгі таңда училищеде 400-ге жуық жас өнерпаз білім алып жатыр.      Оның 110-ы оқушы, 63-і студент. Хореографиялық өнердің алтын бесігі өнер ошағы шетелдік оқу орындарымен, ғылыми-мәдени орталықтармен, қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыс орнатқан. Ұстаздар мұннан әлі талай  аты әлемге мәшһүр таланттардың шығатынына сенімді.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жумабаев