Рахат-Бидің жаңа биігі
Қазақ композиторы Рахат-Би Әбдісағын өрелі өнерімен Британияны бағындырды.
Корольдіктің төрт қаласында жаңа операсының әлемдік премьерасын өткізген өнер иесі қалың көрерменнің қошеметіне бөленді.
Тарихта тұңғыш рет жас қазақ композиторының операсы Ұлыбританияның төрт қаласында шырқалды. Төртеуінде де қазақстандық музыканттың тың туындысы талғампаз тыңдарманның жүрегіне жетіп, ерекше көңіл күйге бөледі.
Оливер Сирл, Шотландия Корольдік консерваториясының кафедра меңгерушісі:
- Бізде Шотландия тарихына арналған шығарманың таспаға жазылған нұсқасы барына өте қуаныштымын. Себебі бұл бұқаралық мәдениеттің бір бөлігі. Жалпы, бұған дейін талай адам Роберт Брюстің өмірін түрлі форматта жеткізуге тырысты. Бірақ қазақ композиторының операсы өзінің жаңашылдығымен ерекшеленеді.
Боб Куке, Оксфорд университетінің профессоры:
- Бұл операны қоюда біз физиканы музыкамен ұштастыруға күш салдық. Туындыда дәстүрлі элементтер өте көп. Соның бәрі композицияға сәтті енді. Сондықтан алдағы уақытта Рахат-Бимен бірлесіп жаңа жобаларды жүзеге асырсам деген ойдамын.
Шіркеу операсы жанрындағы көлемді шығарманы жазып шығу үшін Рахат-Би көп ізденген. Ертедегі шотландтардың тарихын терең зерттеп, тілдік ерекшелік пен орындау мәнеріне зор мән берген. Ғалымдармен кеңесіп, жетекші лингвист және тарихшылармен жұмыс істеген.
Рахат-Би Әбдісағын, композитор-пианист:
- Бұл поэманы 1375 жылы Джон Барбур жазып шыққан. Шығарма тарихи тұлғаның болмысын сан қырынан ашады. Жалпы, бұл туындыны тарихтың өткені мен болашағын байланыстыратын музыкалық шығарма деуге болады. Себебі, операда бостандық пен ізгілік туралы сыр шертіледі.
Джейми Рид-Бакстер, лингвист:
- Рахат-Би Роберт Брюс жайлы опера жазғалы жатқанын хабарлағанда қатты таң қалдым. Себебі осы уақытқа дейін бірде-бір шотландтың бұл тақырыпты қозғауға батылы жетпеген. Осылайша екеуіміз іске кірісіп кеттік. Әншілер орындайтын бөлімдерге, оның ішінде, сөздердің айтылуына көп көңіл бөлдік.
Бір сағаттық операны қоюға Шотландияның Корольдік консерваториясының әншілері мен дирижёрлерінің қосқан үлесі де зор. Әртістердің костюмі мен сахнаны безендіруге де ерекше көңіл бөлінді.
Ричард Демарко, өнертанушы:
- Сахнаның декорациясы шебер жасалған. Шіреу ішіндегі суреттермен бірге үйлесім тапқаны соншалық бізге сол заманның рухын сезіндірді. Біздің кім екенімізді көрсеткен Қазақстанға мың алғыс.
Адам Брюс, Шотландия Королі Роберт Брюстің ұрпағы:
- Біз қазір Данфермлин шіркеуінде тұрмыз. Бұл өте көне ғимарат. Іргесі 12 ғасырда қаланған. Шотландия патшаларының көбі дәл осы жерде жерленген. Солардың арасында Роберт Брюс те бар. Сондықтан концерттің осы шіркеуде қойылуы кездейсоқ емес.
Рахат-Би Әбдісағын дәл қазір 150-ден астам музыкалық шығарманың, соның ішінде ауқымды симфониялардың авторы. Оның музыкасы Еуропа, Азия және Американың әйгілі концерт залдарында орындалып жүр. Тынымсыз еңбегі мен жан-жақты ізденісінің арқасында оның есімі бүгінде әлемдегі ең мықты музыканттарымен қатар аталады.
Авторы: Ғани Мұқашұлы