Алматыда «Өрлеу» халықаралық фестивалі ашылды
Алматыда хореографиялық оқу орындарының халықаралық «Өрлеу» фестивалі ашылды.
Алтыншы рет өткен дәстүрлі шара Селезнев атындағы хореографиялық училищесінің 90 жылдығына арналды. Үш күндік фестивалда жас балет бишілері өнер көрсетіп, мамандар кәсіби өнерді дамыту бойынша шығармашылық тәжірибе алмасады.
Алматы театрының сахнасында кәсіби би ұжымдары мен балет әртістері өнер көрсетті. Биыл «Өрлеу» фестиваліне Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Ресей елдерінің 8 хореографиялық оқу орнының жас таланттары қатысуда. Сонымен қатар, би форумына халықаралық деңгейдегі жетекші балет әртістері келді.
Мұрат Түкеев, А.Селезнёв атындағы Алматы хореографиялық училищесі директорының міндетін атқарушы:
- Біз үшін бұл баға жетпес тәжірибе. Бұл бүкіл профессорлық-оқытушылық құрамға хореографиялық білім беру саласындағы жұмысты жандандыруға, бітіруші студенттеріміздің кәсіби деңгейін көтеруге жаңа серпін береді.
Фестивальдің бірінші күні 90 жылдық тарихы бар Қазақстанның тұңғыш балет мектебінің студенттері есеп беру концертін қойды. Көрермендерге бір актілі толықметражды екі балет ұсынылды.
Мұрат Түкеев, А.Селезнёв атындағы Алматы хореографиялық училищесі директорының міндетін атқарушы:
- Фестиваль қонақтары «Тұран дала - қыран дала» және «Болеро» балетін тамашалады. Біздің шәкірттеріміз еліміздің сахналарында ғана емес, шетелдің театрларында өнер көрсетіп жүр. Халықаралық конкурстарда жүлделі орындардан көрінуде. Бұл Қазақстандағы кәсіби хореографияның көрінісі, білікті ұстаздардың еңбегі.
90 жылдық тарихы бар Селезнев мектебінен бүгінге дейін 2 мыңнан астам түлек өнерге жолдама алды. Олардың қатарында Халық әртістері, еңбек сіңірген өнер қайраткерлері бар. Халықаралық балет және би байқауларының лауреаттары да осы ұстаханада шыңдалды. Солардың бірі Красноярск мемлекеттік опреа және балет театырының прима балеринасы Наталья Чеховская Селезнев училищесінің түлегі.
Наталья Чеховская, А.Селезнёв атындағы Алматы хореографиялық училищесінің түлегі:
- Мектеп маған өте жақсы өмірлік жолдама берді. Мен бұл үшін өте ризамын және мектебімді әрқашан мақтан тұтамын. Өнер мектебінің балет әлемінде өз орны бар. Халықаралық жарыстарда өзім түлеп ұшқан мектебімнің жетістіктерін көріп, қуанамын. Мұнда кәсіби мамандар бар, би дәстүрі сақталған. Бұл өте маңызды.
«Өрлеу» халықаралық фестивалінің екінші күні балет өнері жұлдыздарының шеберлік сабағына арналды. Ал өнер мерекесін фестиваль қонақтары мен Қазақстанның жетекші би ұжымдарының қатысуымен өтетін «Балет жұлдыздары» гала-концерті қорытындылайды.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев