Атырау облысындағы мектеп автобустарының тозығы жеткен

Қыс әсіресе Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы оқушыларға қиынға соғайын деп тұр. Өйткені балаларды мектепке таситын автобустардың тозығы жеткен.

Тұрғындар баласы үшін алаңдайды. Өйткені қыстың көзі қырауда көліктер жиі бұзылады. Сол себепті балалардың көбі мектепке әлден таксимен қатынап жүр. Жалпы аудан мектептеріне 13 автобус керек. 

Құрманғазы ауданына қарасты Қарақұл ауылындағы оқушылардың қыс бойы көретін қиындығы осы. Мектеп автобусының таңертең орнынан қозғалуы қиын. Ал ауысым сайын мектепке 40-қа жуық оқушыны  тасымалдауы тиіс. Бірақ жүргенінен тұрғаны көп. Осыдан 8 жыл бұрын пайдалануға берілген автобустың қабырғасы тесіліп, суық аңырап тұр. Жүргізуші қанша жөндегенімен ескі дүние түзелер емес. 

Ғабиден Абдолов, автобус жүргізушісі:

- Жан-жағының бәрі тесілді. Радиатор бәлен ауысты. Ескі-құсқы автобустар бар іште. Солардан бірдеңелерін әкеліп саламын. Бірдеңе етіп жүргізіп жүрмін.

Ауыл тұрғыны Светлана Қуанғалиеваның 4 бірдей немересі мектепке осы көлікпен қатынайды. Суықта жылыту жүйесі жоқ, түтіндеген көліктің жағдайы ата аналарды алаңдатып отыр.

Светлана Қуанғалиева, ауыл тұрғыны:

- Автобус жоқ кезде ата-аналар бірігіп, мектеп әкімшілігі бар, олар да шығарады таксиге. Көбіне такси жалдаймыз. Балаларды сабақтан қалдырмауға тырысамыз барынша.

Құрманғазы ауданындағы 14 мектепте 11 мың бала білім алып жатыр.  Оның 726-сы 33 елді-мекеннен қатынап оқиды. Ал алынған автобустардың көбі 10 жылдан бері пайдаланылып келеді. Тұрғындардың базынасын айтып аудандық білім бөліміне барып едік, басшысы жаңа автобустарға тапсырыс беріп қойғандарын айтады.

Еділ Баяров, Аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Бұйырса осы желтоқсан айының аяғына дейін 5 мектепке, соның ішінде Сәрсенбаев жалпы орта мектебіне жаңа автобус берілетін болады. Алға қарай қалған 8 автобусқа бюджеттік сұраныс беріп қойдық. 

Елді-мекендерге қатынайтын жолда асфальт төселмегендіктен жүруге қолайсыз. Осыдан екі жыл бұрын берілген америкалық үлгідегі сары автобустар қаңтарылып тұр. Сондықтан енді әрқайсысының бағасы 45 миллион теңге болатын асты биік, салқындатқышы мен жылытқышы бар көліктерге тапсырыс берілді,-дейді билік басындағылар.