Оралда оқушылар портативті ЭКГ құрылғысын ойлап тапты
Айқай-шудың да пайдасы бар екен. Оралдық оқушылар қатты дыбыстан электр қуатын өндіретін құрылғы ойлап тапты.
Электрокардиограммадан өтіп, жүректегі ақауды анықтау үшін емханаға барудың да қажеті жоқ. Назарбаев зияткерлік мектебінде оқитын дарынды өрендер жасаған тағы бір құрылғы - портативті ЭКГ. Оны қалтаға салып жүріп, кез келген уақытта денсаулығыңды тексеруге болады.
STEM зертханадағы тың технологиялармен шұғылданатын шәкірттердің ішінде Әміржанның шоқтығы биік. Ізденістен талмайтын 9-сынып оқушысы жуырда кардиоқұрылғы ойлап тауыпты. Қалтаға сиып кететін кішкентай құрылғы жүректің соғысын тексеріп, ишемиялық ауруларды анықтайды. Жүрек жиырылуында өзгерістер болса, бірден дәрігерге баруға кеңес береді.
Әміржан Бауыржан, оқушы:
- Мысалы ишемия кезінде жүрек жиырылуы ауытқиды немесе гиподинамия болады. Ол кезде жүрек соғысы жиілейді және ритмі артып отырады. Жалпы осы құрылғы жасағанда arduino қолдандым. Ардуинді қысқаша айта кетсем, микробақылау жүйесі. Онда көптеген модульдар, көптеген сенсорлар болады және де өзіндік коды бар. Жалпы болашақта жасанды интеллект қосқым келеді. Себебі жасанды интеллект өте қолайлы ауруларды ескерту кезінде.
Ал мына қондырғы шудан электр қуатын шығарады. Арнайы пьезоэлектрик бөлшектерінің көмегі арқылы дыбыс толқындары түрленіп электр энергиясына айналады. Кейін батареяға жиналады. Баламалы қуат өндірудің тың тәсілі өте тиімді көрінеді. Оқу орнының басшылығы жуырда оқушылардың жаңалығын жүзеге асырып, есік алдына осы қондырғыны орнатпақ ниетте.
Санжар Шекебаев, оқушы:
- Бар энергия ешқайда кетпейді. Ол тек формасын өзгертеді. Осы қағидатты басшылыққа ала отырып ойлап таптық. Болашақта қондырғыны қоғамдық орындарға қойып, қуат алуға болады. Жұмыс істеу приципі құрылғы дыбыс толқындарын қабылдайды. Соны микробақылаушыға енгізеді. Ардуин арқылы ол электр қуатына айналады.
Назарбаев зияткерлік мектебіндегі «СТЕМ» және инженерия зертханаларында ғылыммен шұғылданатын шәкірттердің саны жыл санап артып келеді. Зейінді жастар бірнеше халықаралық байқауларда топ жарған. Компьютерде отырғанда көздің эргономика ережесін қадағалайтын аппаратты, мал ауруын анықтайтын мобильді қосымшаны, қоқыс қалдығын жасанды интеллект көмегімен сұрыптау жобасын, ауылшаруашылық дрондарын ойлап тауыпты.
Медет Бисекенов, Назарбаев зияткерлік мектебі stem-технологиялар зертханасының жетекшісі:
- Құрал-жабдық дайын болса, жасау жолдарын білгендіктен құрастыру аса қиын соқпайды. Зертханада көпвекторлы бағытта жұмыстану үстіндеміз және әсіресе қуантатьны соған төменгі сынып оқушыларының көптеп қатысуы. Олар қазір оқушы болғанмен ертеңгі мамандар. Ал бізге қазақ елін дамыту үшін көптеген инженерлер, білікті мамандар аса қажет.
Сондай-ақ қазір дарынды оқушылар ардуино платформасын пайдаланып, өрт сөндіру құрылғысын құрастыруда, ауылшаруашылығы мен өндіріске қажетті дрондар жасауды да қолға алған.