Украинадан шетелге ауған халық саны артып барады | Әлем
Түбі бір түркі жұртының бірлігі маңызды. Қазақстанның Түркиямен арадағы бауырластығы әріптестік деңгейіне көтерілді. Тарихи-мәдени байланыстар негізінде қалыптасқан достық 30 жылда Еуразия аймағындағы ең сенімді серіктестік үлгісіне айналды. Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап берік орнаған интеграция тұрақты даму үстінде. Енді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға мемлекеттік сапарынан кейін іскерлік байланыстар арта түспек.
Әлем назары көз тіккен Украинадағы қақтығыстың тыйылар түрі жоқ. Жауласқан тараптардың атыс-шабысынан Азовсталь, Харьков пен Чернигов қалаларында адам шығыны тіркелді. Десе де бейбіт халықты эвакуациялау шарасы тоқтатылған жоқ. Туған жерінен бас сауғалап қашқан босқындардың саны күн өткен сайын артып барады. Ал, АҚШ Украинаға қолдау көрсету мақсатында ленд-лиз заңына қол қойды. Одан бөлек елдің палата өкілі Украинаға құны 40 млрд доллар көмектің жаңа пакетін мақұлдады. Германия да әскери техника жағынан көмегін аямайтынын мәлімдеді.
Осы аптада Ресей күштері Мариупольдегі Азовсталь зауытында қайта шабуыл жасады. Атыс-шабыс зауыттан бейбіт тұрғындарды эвакуациялау аяқтала салысымен басталған. Өндіріс ошағынан бұл жолы 175 адам шығарылған. Олар Украина күштерінің қарамағындағы Запорожье қаласына жеткізілді.
Қазір зауытта 1 мыңнан аса жауынгер мен тағы 500-дей жаралы сарбаз бар. Азов полкі жараланған сарбаздардың суреттерін жариялады. Осыған байланысты полк командирлері БҰҰ мен Қызыл Крест ұйымынан оларды қауіпсіз жерге көшіруге көмектесуді сұрайды. Украина билігі Ресей тарапына Азовстальдағы жаралы сарбаздарды әскери тұтқындарға айырбастауды ұсынды. Ал, Мариуполь қаласының мэрі аймақта әлі нақты қанша бейбіт тұрғын бар екенін анықтау керек дейді.
Қауіпті болса да, бейбіт тұрғындарды эвакуациялау қоса қабат жүріп жатыр. БҰҰ-ның мәліметі бойынша Украинада қарулы қақтығыс басталғалы 8 млн-ға жуық тұрғын ел ішінде қоныс аударса, 6 млн-нан астамы өзге елдерге босып кеткен. Жуырда Лиман, Северск пен Новосёловка елді мекен тұрғындары аймақтан шығарылды.
БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі кеңесі Украинадағы жағдайды тексеретін арнайы комиссия құрды. Қарар ұйымның кезекті отырысында мақұлданды. Енді мамандар Киев, Чернигов, Харьков пен Сумы облыстарында адам құқығының бұзылу фактісін жіті тергейтін болады. Ал, АҚШ-тың Ұлттық барлауы Украинадағы соғыс ұзаққа созылуы мүмкін деген болжам жасайды. Пентагон болса аймақтағы жағдай келесі айларда қазіргіден бетер шиеленісуі ықтимал дейді.