Өңірлерде судың беті қайтып, қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүруде
Көлкіген көктемгі қар суы қалың қарашаны әбігерге салды. Еліміздің он өңірінде ағын су арнасынан асып, 18 мыңнан аса үй қызыл судың құрсауында қалды. Мемлекет басшысы бұл жағдайды Үкімет пен облыс әкімдерінің қам-қарекетсіздігі деп сынаған еді. Салаға салғырттық танытқан жауаптыларға қатаң сөгіс те берген. Артынша Президент су басқан аймақтарға арнайы барды. Жапа шеккен жұртпен тілдесіп, қарғын судың алдын алу үшін сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар берді. Өзі жетпеген жерге, сөзі жетті.