Қандыағаш қаласының жолдары жөндеуді қажет етеді

Қандыағашта жолдың жартысына жуығы ойылып жатыр.

Қаланың бір шеті жөнделсе, бір шеті жүруге жарамайды. Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының тұрғындары арна тілшілеріне жолдан жол қалмағанын айтып шағымданды. 

Қандыағаштағы Жеңіс даңғылы мен Ереван Баймұхамбетов көшелері қиылысындағы айналма жол жүргізушілерді әбден мезі қылды. Көлік иелері реті келсе бұл тұсты айналып өтуге тырысады. Себебі техника біткен осы жол бойында жиі бұзылады.

Жанқожа Жаңбырбай, Қандыағаш қаласының тұрғыны:

- Именно сол кольцевой бар ғой түнгі онда мечта дейтін магазиннің алдына барғанда гранатам шашылып қалды. Жүрмей қалды машинам. Дәл сол кольцевойдың арғы жақ бетінен Нұрсәт дейтін кафе тұр. Сол араға келгенде екі жетіден кейін қайтадан шашылып қалып тұр ғой гранатам. Именно сол жолда. Жол деген нашар.

Сонымен қатар жүргізушілер шаһардың күретамыры саналатын Қаржаубаев, Орынбасаров, Жамбыл көшелерінің жағдайы мәз емес дейді. Жалпы аудан орталығында 100 шақырымнан астам жол болса, олардың 43 шақырымы жөндеуді қажет етеді.

БЛИЦ

- Қаланың ішіндегі жолдар өте нашар. Ана кольцевой деген жылына үш рет ремонт жасайды. Бірақ толк жоқ. Сосын ана районный больницаның түбі жаман. Кіретін-шығатын выходтары адам айтқысыз.

- Жамбыл нашар, мына әрі қарай келетін Қалиев көшесі постоянная просадка, постоянная проблема. Большие проблемы. Құрыған жер ол жер деген. 

Жолға жауапты аудандық әкімдік өкілдері Есет Көтібарұлы көшесі мен қаладағы жалғыз айналма жол соңғы рет 2017 жылы жөнделгенін айтады. Содан бері тек ойылған тұстары жамалып келген. Қазір тозығы жеткен асфальт жабындысын жаңартуға тиісті бюджеттік өтінім жолданды. 

Нұрдәулет Нысанбаев, Мұғалжар аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімі басшысының м.а.:

- 5 жобалық-сметалық құжаттама дайын тұр. Олар осы аталмыш Ереван Баймұқамбетов көшесі, Есет Көтібарұлы көшесі, мына Болашақ мөлтекауданының іші сондай сияқты көшелеріміз. Қазіргі таңда конкурстық процедуралар жасалып, мердігер анықталып тұр. 2025 жылы толық қаражаты бөлініп, жөндеу жұмыстарын жасау деген жоспарымыз бар.

Жалпы биыл Қандыағашта ұзындығы 15 шақырым болатын алты көшеге асфальт төселді. Ақтөбе мен Атырауды байланыстыратын күрежол бойында орналасқан шаһардың кіреберіс жолы да жөнделді. Жергілікті билік алдағы жылы Шалқар қаласына шығатын жолға да күрделі жөндеу жасалады деп отыр.  

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов