Бұқпа өзенінің арнасы тазартылып жатыр

Қарағандыны қақ жарып өтетін Бұқпа өзенінің арнасы 40 жылдан кейін тазартылып жатыр.

Бұл жұмыс биыл сәуір айында басталды. Жылдар бойы жиналған лай мен қоқыстан орталық саябақ көлі де ластанып кеткен еді.

Бұқпа өзенінің құбыр арқылы өтетін аз ғана аумағынан жұмысшылар 100 текше метр лай мен қоқыс шығарған. Ал өзеннің жалпы ұзындығы 19 шақырым. Соның 5 шақырымнан астамы бетонды суағарлар арқылы ағып жатыр.

Нұралы Қалиев, учаске бастығы:

- Ең қиыны бұл жер де коллектордың ішін тазалау. Оның жан-жағына тал өсіп кеткен, таяу үшін сол талдарды алу керек, оның үстіне тазалайық десек плитамен жабылып қойған. Оның барлық плитасын алып тастап экскаватормен жұмыс істей алмаймыз. Сондықтан 40 метр сайын коллекторды аршып, қоқысты арбамен шығару керек.

Өзен арнасын 1,5-2 метр лайлы қоқыс басып жатыр. Оған техника түсіріп тазарту үшін алдымен топырақ толтырылады. Мұның барлығы көп уақыт алады. Осыған байланысты жоба 2 жылға жоспарланған.

Шахназар Сейтімов, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

- Бастапқы жұмыстар биыл басталды. Барлығын бітіру 2025 жылдың желтоқсан айына дейін жоспарланып отыр. Жобаның жалпы соммасы 1,7 млрд теңге. Соңғы рет 1986 жылы тазартылған мендегі ақпарат бойынша. Бұл қаланың экологиясына, өзеннің гидрологиялық жағдайына оң әсерін береді.

Бұқпа өзені қала орталығындағы саябақтың көліне құяды. Өзен тазартылған соң мұндағы су арнасына сүзгісі бар тораптар орнатылады. Ол үшін арна бойында өскен 130-дан астам ағашты кесу қажет.

Талғат Байтохин, қалалық мәдениет және демалыс саябақтары басқармасының басшысы:

- Біз кесілген әр ағаштың орнына 10 тал егеміз. Яғни 1320 тал егіледі деген сөз. Біз кейбір су тазарту тораптарын асфальт бетіне шығаруды ұсындық. Соның арқасында біраз ағаш сақталады.

Өзен тазартылған соң көктемде суы жайылып, тұрғын үйлерге қауіп төндірмейді. Сағатына 12 мың текше метр су еркін ағып өтетін болады. Ал алдағы 3-4 жылда тазарған Бұқпа суы бұрынғы мөлдір қалпына келеді, - дейді мамандар.

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар, 24.KZ, Қарағанды