Балқашта көшпелі кітапхана жұмыс істейді
Балқашта "Таза Қазақстан – Экологиялық мәдениет" атты көшпелі жазғы кітапхана жұмыс істейді.
Ішінде кітаптары бар кең киіз үй халық көп жиналатын "Жастар" алаңында орналасқан. Мұнда қалың оқырманға табиғат туралы әдебиет ұсынылады. Келушілер викториналық сұрақтарға жауап беріп, зияткерлік қабілетін сынай алады.
Бұған қоса ерекше кітапханада өсімдік егу мүмкіндігі қарастырылған. Тіпті қоқысты сұрыптауға арналған арнайы жәшіктер де бар. Осылайша келушілер қоқысты ретпен салуды үйренеді. Көшпелі кітапхана жұмысы 1 қыркүйекке дейін жалғасады.
Балшырын Мұхаметжанова, Балқаш қаласы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры:
- Экологиялық мәдениетті қалыптастыру, оны сақтау, тұрғындардың назарын қала тазалығына аудару, сүйіспеншілігін ояту, қоршаған ортаны аялауды мақсатқа ала отырып, біз осы жылжымалы кітапхананы ұйымдастырып отырмыз. Экологиялық мәдениет неден қалыптасады? Әрине білімнен. Ал білімді кітаптан аламыз.