Мемлекет басшысының атынан Ақордада ауызашар берілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде жиналған қауымды қасиетті Рамазан айымен құттықтап, бұл ай күллі мұсылман қауымы үшін ерекше уақыт екенін, жамағат осы айда ізгі амалдар жасап, мол сауапқа кенелетінін айтты.

Бір жылдың ішінде еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде болған айтулы оқиғаларға арнайы тоқталды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу қажет екеніне назар аударды. Ұлттық мәдениетімізді дамыту маңызды екеніне тоқталды. Президент қазіргі жаһандық ахуалға алаңдайтынын білдіріп, қоғамда мейірімділік, жанашырлық, қамқорлық сияқты қасиеттер жетіспей жатқанына назар аударды. Айтуынша, адамзат үшін өте қауіпті бұл үрдісті тоқтатуға бәріміз күш салуымыз керек. Ол үшін осы асыл қасиеттерді әрқайсымыз жүрегімізде сақтап, оны күнделікті іс-әрекетпен, көркем мінезбен көрсеткен абзал деді.

Мемлекет басшысы сөзінің соңында барша Қазақстан халқына амандық, бақ-береке тіледі. 

– Халқымыз «Ырыс алды – ынтымақ» деп бекер айтпаған. Қоғамда бейбітшілік пен келісім болса ғана, еліміз табысқа жетеді. Алға қойған игі мақсаттарға қол жеткізе аламыз. Ал елден ынтымақ кетсе, мемлекетте даму болмайды, жұрттың болашаққа деген сенімі де азаяды. Сондықтан елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау негізгі міндетіміздің бірі. Бұл баршамыз жұмылып атқаратын жұмыс болуы керек.

Қазақтың әдет-ғұрпы әрдайым ізгілікке шақырады. Әрбір салттың терең тәрбиелік мәні бар. Мысалы, ақсақалдарымыз жастарға батасын береді. Жастарымыз үлкеннің алдын кесіп өтпейді, құрметін көрсетеді, ешкімнің ала жібін аттамайды. Халқымыз қашанда қыз баланы сыйлап, қадірлеген. Мұның бәрі дәстүрлі ислам құндылықтарымен тығыз үндеседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.