Зағип жандар арасында футболдан ел чемпионаты
Зағип жандарға арналған футбол командалары мамыр айында өтетін ел чемпионатына дайындықты бастап кетті, деп хабарлайды 24kz.
«Ерекше футболшылардың» қатарында алматылық Бауыржан Әбілов те бар. Ол зағип жандардан құралған футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасының мүшесі. Алаңда ала допты еркін сермейді. Жасөспірім кезінде көзіне соққы тиіп, жанарынан айрылса да, қоғамнан алыстамай, ел қатарлы еңбек етіп жүрген азаматтың өмірі көпке үлгі.
Бауыржан Әбіловті көргенде «не деген өмірге құштар жан» деп ойлағанымыз рас. Зағип және көзі нашар көретін адамдарға арналған Республикалық кітапханада өзі сияқты жандардың рухани азығы – «Сөйлейтін газеттің» аудиоматериалдарын өңдейді. Таңдаған жары, сүйкімді қызы бар. «Бірақ мұның бәрі бірден бола қалған жоқ», - дейді өзі. Тағдырдың тосын сынына морт сынып, он жыл үйден шықпаған кезі де болыпты. Оқыс жағдай мектеп қабырғасында болған. Футбол ойнап жүргенде оң көзіне доп тиіп, жанарының тор қабықшасы жыртылып, көрмей қалады. Уақыт өте келе сол жақ көзіне сәтсіз операция жасалып, жиырма жасында су қараңғы болып қалады.
Бауыржан Әбілов, зағип жандардың футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі:
- Он жыл үйде жаттым, ешқайда бармадым. Сол кезде кластастарымның үйлену тойлары болды, туған күндері, ешқандай тойға да бармадым. Он жыл үйде жаттым, өйткені өзімді, Қазақстанда, әлемде жалғыз өзім ғана көзім көрмей қалған сияқты. Бір жерге барсам, ұялшақтық сезім болды менде. Ыңғайсыз, елдің бәрі маған қарап отырған сияқты болып.
Алайда, тағдырдың Бауыржанға сақтаған сыйы көп екен. Жақындарының қолдауымен екі оқу орнын тәмәмдап, жары, жеңіл атлетикадан халықаралық спорт шебері, параспортшы Айнұр Тайжанованың ықпалымен спортқа бет бұрады. Қазір «Қайрат» футбол клубының жанынан құрылған Blind Football командасының белсенді мүшесі. Көшеде аяқ жолын таяқ арқылы сезетін зағиптардың, футбол алаңында еркін жүгіруі таңғаларлық. Бірақ бұл да тынымсыз еңбектің, машықтың нәтижесі.
Бауыржан Әбілов, зағип жандардың футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі:
- Еркіндікті сезінемін бұл жерде. Көзі көрмейтіндердің арасында футбол бар дегенде әрине қуана-қуана келісіп, осы футболға қатыстым. Футболды бұрыннан ойлағаннан кейін бұл футбол маған өте таныс, өзім білетін. Сол себепті футболға келу маған ешқандай қиындық болмады.
Алғашында алаңда абдырап, жеңіл жарақат алған кездері де болыпты. Қазір ойыншылар зағиптар футболының техникасын бес саусақтай меңгеріп алған. «Бауыржанның белсенділігі ерекше», - дейді жаттықтырушысы.
Анатолий Антипин, зағип жандарға арналған футболдан Қазақстанның ұлттық құрамасының жаттықтырушысы:
- Бауыржан Әбіловті біз өз арамызда Забилов деп атаймыз. Себебі, ол қарсыластардың қақпасына бірнеше рет гол соғып, командаға жеңіс әперді. Алаңдағы энергиясы керемет. Футболды жанын салып ойнайды.
Зағип жандардың футболдан Ұлттық құрамасы Үндістан, Таиланд, Германия, Мәскеуде өткен халықаралық турнирлерден жүлдемен оралды. Қазір ойыншылар мамыр айында өтетін ел чемпионатына дайындық үстінде. Ал, шілдеде Польшада өтетін квалификациялық турнирге қатысады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов