Қазақстан мен Әзербайжан тауар айналымын 1 млрд долларға дейін ұлғайтады

Қазақстан мен Әзербайжан тауар айналымын 1 миллиард доларға дейін ұлғайтады.

Екі елдің үкіметтері ірі жобаларды қолға алады. Бүгін елге, ресми сапармен келген Ильхам Әлиев пен Қасым-Жомарт Тоқаев осындай келісімге келді. Әрі Жоғары мемлекет-аралық кеңес құру туралы хаттамаға, қол қойды.

Қорған Қонысбайұлы @KORGANTORE:

- Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиевтің кездесуінде іскерлік қарым-қатынастан гөрі бауырмалдық байқалып тұр. Жалпы Президенттер жиі көрісіп тұрады. Былтыр тамызда қазақ басшысы ресми сапармен Әзербайжанға барған еді. Енді міне әріптесін қазақ жерінде қарсы алып жатыр. Қазір тараптар шағын құрамда кездесу өткізуге аттанып барады.

Әзербайжан Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы негізгі сауда-экономикалық әріптесі. Достас екі елдің серіктестігінде серпін бар. Бауырлас елдердің басшылары ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейткісі келеді. Ильхам Әлиевтің Астанаға келудегі мақсаты да сол. Хош. Былтыр арадағы тауар айналымы 40 процентке өсіп, жарты миллиард долларға жетті. Бұл санды енді 1 миллиард долларға дейін ұлғайту көзделіп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Біз Кавказ аймағында жетекші рөл атқаратын Әзербайжан мемлекетімен экономикалық қатынастар мен ынтымақтастықты дамыту үшін ауқымды жұмыс жүргізуді көздеп отырмыз. Біздің арамызда ешқандай мәселе жоқ. Тек қана осы бағытта алға ілгерілеуге деген ниет қана бар.

Ильхам Алиев, Әзербайжан Республикасының президенті:

- Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, ең алдымен арнайы шақырғаныңызға және қонақжайлығыңызға алғыс айтамын! Гейдар Әлиевке көрсеткен құрметіңіз үшін бүкіл Әзербайжан халқының және жеке өз атымнан ризашылығымды білдіргім келеді. Жалпы, біз барша Қазақстан халқының елімізге деген ыстық ықыласын әрқашан сезініп келеміз. Әзербайжанға ресми сапарыңыз барысында осындай тілеулестікті Сіз де байқадыңыз деп ойлаймын. Біздің ресми сапарлар аясында жиі кездесуіміз осы қарым-қатынасымыздың сипатын аңғартады және ұдайы байланыста болу қажет екенін көрсетеді.

Екі ел бір-бірімен тонның ішкі бауындай араласып жатқанына мына бір құжаттар дәлел. Тараптар былтыр стратегиялық қатынас пен одақтастық байланысты нығайту жөніндегі декларацияға, әрі ынтымақтастықты дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді бағдарламасына қол қойды. Ал бүгін сапар аясында Жоғары мемлекетаралық кеңес құрылды. Бұл жоғарыда айтқан берік байланыстың белгісі. Ал байланыс тек экономикамен шектелмейді. Мәдени бағытты да қамтиды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Екі елдің мәдени онкүндігін өткізу туралы уағдаластықты ерекше атап өткім келеді. Биыл Әзербайжанда Қазақстанның мәдениет күндері өтеді. Елдеріміздің шынайы достығы мен өзара қолдауының тағы бір айқын дәлелі – қазақ халқының Әзербайжанға тартуы Физули қаласындағы Құрманғазы атындағы балалар шығармашылық орталығы. Бұл нысанның құрылысы қарқынды жүріп жатқаны жөнінде маған мәлімдеді. Осы маңызды нысанның ашылуын жуық арада көре аламыз деп ойлаймын. Біз гуманитарлық байланысты жан-жақты дамытып, ортақ рухани және мәдени құндылықтарды байытуға ниеттіміз. 

Ильхам Алиев, Әзербайжан Республикасының президенті:

- Гуманитарлық саладағы ынтымақтастықтың айрықша маңызды екенін айта кеткім келеді. Қазақстанның Әзербайжандағы, сондай-ақ Әзербайжанның Қазақстандағы мәдениет күндерінің ұйымдастырылуы елдерімізді одан әрі жақындата түседі. Біздің ойымызша, мемлекетаралық қарым-қатынасымыздың негізі – осы гуманитарлық сала. Біз шын мәнінде өзара ынтымақтастық пен одақтастықтың жаңа деңгейіне көтеріліп жатырмыз. 

Сонымен бүгін Президенттер экспорттық-импорттық тауарлар тізімін кеңейтуге уағдаласты. Бұл орайда тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағытына иек артады. Сондықтан екі ел де логистикалық қызметтерді жетілдірмек. Бірыңғай көлік операторларын құру, техникалық және тарифтік шарттарды жаңғырту, әкімшілік кедергілерді жою да көзделіп отыр. Орта дәліздегі инфрақұрылымды дамытуға Қазақстан мен Әзербайжан үшінші елдерді тартпақ. Президенттер энергетика саласындағы ынтымақтастықты дамытуға да айрықша көңіл бөлді. Әсіресе біздің тарап әлемдік нарыққа энергия жеткізу жолын әртараптандырып жатыр. Нәтиже жаман емес. Бұған дейінгі келісімдердің арқасында биыл Қазақстан мұнайының бірінші партиясы Әзербайжан арқылы кетті. Ендігі қадам – экспорт көлемін ұлғайту. Бұдан бөлек Президенттер екі елдің үкіметтеріне ірі жобаларды анықтауды міндеттеді. Яғни Әлиевтің бұл сапары ынтымақтастықтың аясын кеңейтуге ықпал етпек.

Қорған Қонысбайұлы, Айдос Меделбек, Марат Диханбаев, Алмас Омарғалиев