Қазақстанда жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары болады
Қазақстанға алдағы 5 жылда бір жарым миллионнан астам маман қажет болады.
Заңгерлер мен экономистер емес. Сарапшылардың сөзінше, қарапайым жұмысшы мамандықтары аса сұранысқа ие болады. Өйткені қазір еңбек нарығы жаңа трендті қалыптастыруда. Құрылысшы, дәнекерлеуші, электрик, кенші сынды мамандықтарға жастардың қызығушылығын арттыру мақсатында Астанада "Жұмысшы мамандықтарының қаласы" фестивалі ұйымдастырылды. Бүгін бұл көрмені аралауға мемлекет басшысы да арнайы барды. Президент мұнда жастармен тілдесіп, кез келген еңбек құрметке лайық екенін атап өтті. Тағы Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдайға да қатысты пікір білдірді.
Риат Шони, тілші:
- Жұмысшы мамандықтар қаласы жанданып, бүгін шынайы өмірге айналды. Металлургтер темірді қызған кезінде соғып жатса, құрылысшылар болашақтың қаласын салуда. Бұл жай ғана көрме емес. Бұл өз мамандығын шынайы сүйе білудің жарқын үлгісі.
Мұнда кез келген адам жұмысшы мамандық иелерінің киім үлгісін киіп, құралдарын қолға алып өзін бір сәтке болсын кәсіби маман ретінде сезіне алады. Байқап көру оңай, бірақ бұл іспен өмір бойы айналысу қиын. Ал бұл мамандар өз кәсібін шынайы сүйетіндіктерін күн сайын дәлелдеуде.
Нағыз батырлар фильмдердегі суперқаһармандар емес. Олар сіз бен біз үшін жайылылықты сыйлап, күні-түні еңбек етіп, болашақтың қаласын тұрғызатын жандар. Міне бұл фестиваль осыны аңғартады.
Кенші, металлург, құрылысшы тек бұрынғының мамандығы емес, олар бүгінгі күннің де, болашақтың да тірегі. Бұл кәсіптер өркениеттің іргетасын қалап, экономиканың дамуына серпін береді. Кенші жер қойнауынан қазына терсе, металлург оны балқытып, өндірістің өзегін қалыптастырады, ал құрылысшы қалаларды тұрғызып, қоғамның өсіп өркендеуіне жол ашады. Міне осы кәсіп иелерінің маңыздылығын көрсету мақсатында елордада «Жұмысшы мамандықтарының қаласы» фестивалі бастау алған. Мұнда әр өңірден 38 колледж қатысып, өз білім ордаларын таныстырып жатыр. Солардың бірі Талдықорған жоғары политехникалық колледжі.
Шыңғыс Нұрғожаев, Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің директоры:
- Жетісу өңірінің ауыл шаруашылығы саласының қажеттілігіне орай қашықтан басқарылатын авиациялық жүйе мамандығын аштық. Осы мамандық аясында қазіргі біз агродрон операторларын оқытуды бастап кеттік.
Дрондарды бізде құрастыру, техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстарын студенттерімізге оқытып, үйретеміз.
Фестиваль аясында қазіргі таңда KEGOC компаниясымен келіссөздер жүргізуді бастап кеттік. Өйткені KEGOC компаниясы электр сым жүйелерін осы дрондармен бақылауды жүзеге асыруды жоспарлап отыр екен. Соған байланысты біз өз қызметімізді көрсетіп, операторларды оқытып беруге келіссөз бастап кеттік.
Бүгінде елде техникалық және кәсіптік білім берумен 772 колледж айналысады. Онда жарты миллионнан астам студент оқиды. Оқу-ағарту министрлігі бұл ұйымдарды трансформациялау бағытынды қарқынды жұмыс атқаруда. Биыл қыркүйек айынан бастап колледждерді жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемін екі есе ұлғайту көзделген.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Оқу бағдарламаларын да әлемдік стандарттарға сәйкестендіру және сол арқылы әлемдегі ең үздік колледждердің біздің қазақстандық колледждермен арадағы байланысын күшейту қолға алынып жатыр. Бұл да біздің еліміздегі кейбір тапшы мамандықтар бойынша жастарды өте жоғары деңгейде дайындауға үлкен септігін тигізеді деп жоспарланып отыр.
Қазір экономиканың негізгі салаларында жұмыс істейтін 500-ден астам компания колледждерге шефтік қамқорлық көрсетеді. Алдағы уақытта олардың санын 4 мыңға дейін жеткізу көзделген.
Әсет Мұханбетов, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры:
- Фестиваль аясында өнеркәсіп пен колледждер арасында бірқатар меморандумдарға қол қойылып жатыр. Яғни меморандум не береді деген сұрақ туындауы мүмкін. Осы алаңда орналасқан ұлттық компаниялар мен үлкен өнеркәсіптер өздері колледждерді шефтік қамқорлыққа алу арқылы.
Материалдық-техникалық базасын нығайтуға. Өздерінің әсерін береді.
Айта кету керек, бұл Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтары жылындағы» алғашқы ауқымды іс-шара. EXPO көрме алаңында өтіп жатқан фестивальге бүгін Президенттің өзі де арнайы келді. Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика, тау-кен, металлургия, мұнай-газ сынды алаларға маман даярлау үдерісімен танысты. Президент атом электр стансасы секілді ірі жобаларды жүзеге асыру қарсаңында сапалы білім мен кәсіби дағдыны меңгерген мамандар өте қажет екенін айтты.
Президент Украина төңірегіндегі жағдайға қатысты пікір білдірді
Фестиваль аясында Президент әр өңірден келген жастармен де жүздесті. Әңгімелесу барысында мемлекет басшысы кез келген еңбек құрметке лайық екенін айтып, өскелең ұрпақты ел келешегі үшін аянбай тер төгуге шақырды. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдайға да қатысты пікір білдіріп, еліміздің ең басты құндылығы тұрақтылық пен тыныштық екеніне назар аударды. Себебі біз «Бірлігіміз әралуандықта» идеологиясын темірқазық етіп ұстанып отырмыз. Ұлтымыз бен наным-сеніміміз әртүрлі екеніне қарамастан, бір қоғамда тұтас халық болып өмір сүреміз. Президент жастарға осынау терең үдерісті толық түсінуге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазір Украина жөнінде көп айтылып жатыр. Біз алғашқы кезден бастап осы соғысты міндетті түрде тоқтату керек, дипломатиялық келіссөздер арқылы бір мәмілеге келу қажет деп айттық. Бұл ұстанымымыз енді шындыққа айналды. Екі алпауыт ел саяси сұхбат жүргізе бастады. Бұл жақсы үрдіс. Әрі Қазақстанға пайдасын тигізеді. Сондықтан біз мұны мейлінше қолдаймыз.
Президент «Жұмысшы мамандықтарының қаласы» фестиваліне барды
Жалпы бұл қалашықта 40 интерактивті көрме қойылған. Онда 200-ден астам мамандықтың қыр-сырына қанығып, экономика секторларының ерекшеліктерімен танысуға болады. Бүгін мектеп оқушылары да көрмені аралап, өздеріне қызықты деген ақпараттарын ала алды.
АСТАНА
БЛИЦ:
- Барлығы әдемі, жақсы, тамаша. Әдемі іші. Үйретеді, көрсетеді, түсіндіріп береді барлығын.
- Барлығы әдемі жасалған. Осында бізде шақырып, бәрін істеп бергеніне рахмет айтамын.
- Өте дамыған. Көрмелерде көп түрі бар екен. Әдемі өте.
Фестиваль аясында бірнеше күн бойы түрлі семинарлар, шеберлік сағаттары, инновациялық сессиялар мен жұмыс жәрмеңкелері де ұйымдастырылады. Бұл іс-шара елордада ақпанның 15-іне дейін жалғасады.
Риат Шони, Марат Диханбаев