ОРК: Жаңа Конституция қабылданды
Республикалық референдумның түпкілікті қорытындысы шықты. Саяси науқанда дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны - 9 млн 127 мың 192 адам. Бұл жалпы қатысуға құқығы бар азаматтардың - 73,12 пайызы.
Осылайша, қазақстандықтардың 87,15%-ы жаңа Ата заңды қолдаған. Ал 898 099 азамат референдумға қойылған мәселені қабылдамаған. Есепке алынбаған бюллетеньдер саны - 127 868. Өйткені жауаптардың қос нұсқасы таңдалған. Аумақтық референдум комиссияларының ақпарынша, дауыс беру күні ел азаматтарынан 35 өтініш тіркелген. Астанада - 11, Алматыда - 6, Маңғыстау облысында - 4 өтініш. Шымкентте, Абай облысында, Қызылорда облысында әрқайсысында 3 өтініштен. Оларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауап беріліпті.
Нұрлан Әбдіров, Орталық референдум комиссиясының төрағасы:
- Жаңа Ата заңды қабылдау туралы шешім облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың кемінде 3/2 дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Бұл референдумда әр өңірде осы шешімді жақтап, азаматтардың басым көпшілігі дауыс берді. Осылайша, республикалық референдум туралы заңнамадағыдай елдің 20 өңірінің 3/2-де дауыс беруге қатысқан жартысынан астамының оң шешімін жақтап дауыс беру туралы талап сақталды. Сондықтан жаңа Конституция қабылданды деп танылады.