Асқар Мамин Президентке 2020 жылдың қорытындысы бойынша есеп берді

Асқар Мамин Президентке 2020 жылдың қорытындысы бойынша есеп берді
фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Асқар Маминді қабылдады.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Мемлекет басшысына 2020 жылдың қорытындысы бойынша ел дамуының макроэкономикалық көрсеткішінің болжамды есебі мен республикадағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жайында баяндалды.

Алдын ала алынған мәліметтерге сәйкес, Президентке 2020 жылы нақты сектордағы өндіріс көлемі 2%-ке артқаны жайында ақпарат берілді. Өңдеу өнеркәсібі 3,3%-ке, оның ішінде азық-түлік өндірісі 3,6%-ке, фармацевтика 40%-ке, дайын металл өнімдерін өндіру 20%-ке, машина жасау 16%-ке, атап айтқанда, автомобиль өндірісі 53%-ке, жеңіл өнеркәсіп 16%-ке өскен. Солайша, нақты сектор ұлттық экономиканың тұрақтылығын сақтаудың басты факторына айналған.

Асқар Мамин Мемлекет басшысына ұзақ мерзімді орта көрсеткіштер бойынша құрылыс саласының қарқыны айтарлықтай жоғары екенін айтты. Былтыр құрылыс жұмыстарының көлемі 12,5%-ке артқан. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 14,5%-ке көбейген немесе 15 миллион шаршы метр баспана тапсырылған. Ауыл шаруашылығы саласындағы өсім 5,0%-ке жеткен. Тау-кен өндірісіндегі темір кені және өзге де пайдалы қазбалар бойынша өсім сақталды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал бақылауда екенін баяндаған Премьер-министр күнделікті жаңадан індетке шалдыққандардың саны 0,46%-ке өскенін, еліміз бойынша коронавирустың өршу деңгейінің көрсеткіші 0,9%-ті құрайтынын жеткізді. Жұқпалы аурулар ауруханаларының 29%-інде, жансақтау бөлімдерінің 21%-інде адамдар емделіп жатыр.

Президентке инвестиция тарту, халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру және басқа да елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өзекті мәселелер бойынша қабылданған шаралар жайында есеп берілді.