Ел аймақтарындағы жаппай вакциналау науқаны қалай жүріп жатыр?

Бүгін еліміздің барлық аймағында тұрғындарға ресейлік «Спутник V» вакцинасы салына бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақпанның екінші жартысынан бастап Қарағанды зауытында өндірілген екпе нарыққа шығуы тиіс. Кеншілер өңірінде 3 тәулікте 2 мыңға жуық дәрігерге екпе егу жоспарланған. Өзге аймақтардағы жаппай вакциналау науқаны қалай жүріп жатыр?

Қарағанды облысына ресейлік «Спутник V» вакцинасының 1700 данасы жеткізілген. Ақпан айында 6 мың, ал наурызда тағы 9500 дана екпе жеткізілмек. Ақпанның 15-інен бастап Қарағандыдағы зауытта шығарылған ресейлік вакциналарды пайдалану жоспарда бар. Жалпы екпе егу науқаны бүгіннен бастап желтоқсанға дейін жалғасады. Аймақты бүгін 150 дәрігер вакциналаудан өтті.

Ғабит Махамбаев, нейрохирург:

- Менде ПТР нәтижесі теріс шықты. Антидене болған жоқ. Соған байланысты мен дәрігер болған соң ауруым да мүмкін. Сондықтан вакцина қабылдаймын деп шештім.

***

БҚО-да 1000 адамға жететін вакцина бар

Батыс Қазақстан облысында да жұқпалы індетке қарсы екпе салу жұмыстары басталды. Қазір өңірге 1 мың адамға жететін вакцина әкелінген. Екпе бірінші кезекте індет жұқтыру қаупі жоғары саналатын медицина мамандарына салынады. Яғни, жұқпалы аурулар ауруханалары мен қарқынды терапия бөлімшелерінің дәрігерлері, жедел жәрдем қызметкерлері мен емханадағы мамандар. Екпе қабылдаған адамдар 3 күн бойы дәрігерлердің бақылауында болады.

Арман Қалибеков, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Вакцина иығына салынады. Екі бөлініп салады. Бірінші вакцинация бүгін салынса, екінші этап 21 күннен кейін салынады. Емханаларда тізімдер жасалған, солар адамдарға телефон арқылы шақырылады. Солар екпе кабинетіне барғаннан кейін «қарсылығым жоқ» деп қол қояды. Сондан кейін вакцина алады. Қауіп көп жоқ деп ойлаймын, одан көмегі болады, пандемияны тоқтата аламыз осы вакцинанын салғаннан кейін.

***

Шымкентте ресейлік вакцинаны алдымен шенеуніктер салдырды

Үшінші мегаполис – Шымкентке «Спутник V» екпесінің 1000 дозасы әкелінді. Ол қалалық қан орталығындағы мұздатқыш камераларда уақытша сақталып, бүгін таңғы сағат 06:00-де төрт емханаға жеткізілді. Ресейден жеткізілген вакцинаны алғашқылардың бірі болып алдымен қала әкімі мен оның орынбасарлары, қалалық  денсаулық сақтау басқармасының басшысы мен шаһардың бас мемлекеттік санитар дәрігері, жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері салдырды. Олар екпені қабылдамас бұрын әуелі дәрігер бақылауынан өтті.

Бақытжан Позилов, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Қазір мен вакцинаны салдырдым. Біріншіден, вакцина ешқандай ауырсынусыз. Ауырғанын сезген жоқпын. Осы жерде 30 мин күтіп отыруымыз керек регламент бойынша. Медицина қызметкерлерінің бақылауында отырмын. Көңіл-күйім өте жақсы. Ешқандай ауырсыну реакция болып жатқан жоқ. Жағдайым жақсы.

Шымкентте ерікті түрде вакцина егу үшін 1000 медицина қызметкерінің тізімі жасалыпты. Жыл соңына дейін қалада бірінші жартыжылдықта 100 мың адамға коронавирусқа қарсы адамға екпе егу жоспарланып отыр. Осыған орай 38 медицина мекемесінде арнайы кабинеттер жұмыс істейді.