Қазақстан президенті мен Ресей басшысы бірқатар саладағы ынтымақтастықты талқылады

Қазақстан президенті мен Ресей басшысы бірқатар саладағы ынтымақтастықты талқылады

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Мәскеуге барды.

Президент Кремльде Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесті. Тараптар цифровизация, білім беру және ғарыш кеңістігін игеру саласында ынтымақтастықты арттыру мәселелерін талқылады. Владимир Путин қаңтар оқиғасына тоқталып, Қазақстан басшылығы жағдайды реттеуде маңызды шешімдер қабылдағанын атап өтті. Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік төңкеріс жасауға қатысқандар анықталып, жазаланады деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті: 

- Мәскеуге шақырғаныңызға алғыс білдіремін. Шын мәнінде бұл Қазақстандағы конституциялық тұрақтылықты шайқауға арналған шабуыл. Оны халықаралық террористер алдын ала жоспарлаған. Қазір әрбір жағдай бойынша жеке-жеке тексеру жүріп жатыр. Міндетті түрде кінәлілер анықталып, жауапқа тартылады.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:

- Қазақстан халықаралық қылмыстық топтың құрбаны болғаны даусыз. Бірақ қазір жағдай тұрақталды. Ресей ұжымдық қауіпсіздік және шарт ұйымына мүше елдердің бірі ретінде қол ұшын созды. Бірақ Қазақстан билігі мен қарулы күштері халыққа берген антына адалдық танытып, маңызды шешімдер қабылдады. Енді келген шығынды қалыпқа келтіру үшін көп күш жұмсау қажет. Сіздің басшылығыңыздың арқасында қазір Қазақстанда жағдай жақсарып келеді. Алдағы уақытта бұрынғыдай экономикалық мүмкіндіктерімізді дамыта түсеміз деген үміттемін.