Қазақстанда утилизациялық алым мөлшері белгіленді

kolesa.kz

Утиль алымының мөлшері 50 процентке дейін төмендетіледі. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр «Хабар 24» арнасына берген сұхбатында мәлімдеді.

Тиісті шара барлық көлік түрлері мен ауыл шаруашылығы техникасына қатысты. Сонымен қатар 4 проценттік мөлшерлемемен 7 жылға жеңілдетілген автонесие беріледі. Бастысы, алғашқы жарна төлеу талап етілмейді. Ол үшін «Жасыл даму» компаниясы 100 млрд теңге бөледі. Бұл жеңілдікті 71 мың тұрғын пайдалана алады. Ал 30 млрд теңге автобус паркін жаңғыртуға жұмсалады. 

Роман Скляр ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

– Автобусты несиеге алып оның пайыздық мөлшерлемесін төлеу біздің жолаушылар тасымалын қамтамасыз ететіндер үшін қиын. Олар бұл қаражатты қайтару үшін жолақысын көтеруге мәжбүр болады. Сондықтан біз алғашқы жарнасыз 7 жылға қоғамдық көліктерді отандық тасмалдаушыларға сату жөнінде шешім қабылдадық. Осылайша қазақстандық тауар өндірушілерді қолдаймыз. Қомақты қаражат ел  тұрғындарының игілігі үшін жұмыс істейді.