Полицей болу көзсіз ерлік пен тынымсыз еңбекті талап етеді

Аптасына жеті күн, тәулігіне 24 сағат тыным таппайтын тәртіп сақшылары бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан марапат алды. Қазақстан полициясының 30 жылдығы қарсаңында президент Ішкі істер минитстрлігінің шұғыл басқару және ахуалдық сараптамалық орталықтарын аралап, салтанатты жиынға қатысты. Құқық қорғаушыларды мерейтоймен құттықтады. Антқа адал болып, халыққа тынымсыз қызмет еткендерге алғыс айтты. 

Полиция қылмыскерді қамаушы емес, қылмыстың алдын алушы және азаматтардың сенімді қорғаны болуы тиіс. Ол үшін сала қағазбастылықтан арылып, жүйесіз жүктеме мен талап қызметкердің ыңғайына қарай жасалуы керек. Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігіне осындай міндет қойған еді. Бүгін президент атқарылған жұмыстың бірақатарымен танысып шықты.

Президенттің айтуынша, полиция өз жұмысын барынша ашық жүргізіп, халыққа шын қамқор болуы керек. Тіпті қауіпсіздік саласында түйткілдерді шешуге жұртты жұмылдырған жөн. Қоғам оған дайын. Сондықтан Полиция қызметінің сервистік үлгісін учаскелік деңгейде ғана емес, министрліктің басқа құрылымдарына енгізуді ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сервистік үлгінің басты ерекшелігі құқық бұзушылықтың алдын алу. Бұл істе жүйелі ұстаным болуы қажет. Қоғамға қарсы іс-әрекет туғызатын жағдайларды түбірімен жойған жөн. Жағымсыз әлеуметтік факторлардың ықпалын азайту керек. Әсіресе заңды белден басуға бейім адамдардың тәртіп бұзуына жол беруге болмайды. Мұның бәрі Ішкі істер министрлігі ғана атқаратын жұмыс емес. Бұл өзге мемлекеттік органдарға да ортақ міндет.

Енді аймақтың тұрақтылығы мен тыныштығына полицей ғана емес әкімдер де жауапты болады. Оны құжатпен бекіту үшін өңір басшысына қойылатын талапты қайта қаруды үкіметке тапсырды.  Сондай-ақ жұртты заң бұзуға үгіттейтін жат идеологиямен де күрес күшейеді. Осы мақсатта тәртіп сақшылары қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастықты арттырғаны абзал деді президент. Құқық қорғаушылар мән беретін тағы бір сала ана мен бала. Әділетті қоғамда олар зорлық-зомбылық көрмеуі керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Менің тапсырмам бойынша биыл әйелдер мен балаларға кешенді қолдау көрсететін орталықтар құрылды. Бұл орталықтар қазір пилоттық режимде жұмыс жасап тұр. Онда психологиялық, құқықтық және медициналық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ тиісті сараптамалар жасалады. Арнайы даярлықтан өткен тергеуші әйелдер зардап шеккен жандарға жәрдем береді. Жалпы бұл орталықтар тиімді жұмыс істеп жатыр. Мұндай орталықтарды бүкіл ел аумағында ашып, ауқымын кеңейту керек. Үкіметке және әкімдерге осы жұмысты қолға алуды тапсырамын.

Полиция болу көзсіз ерлік пен тынымсыз еңбекті қажет етеді. Қылмыспен күрес болған соң қауіп те көп. Десе де, антына адал азаматтар ел үшін жан аяп жатқан жоқ. Әсіресе тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тәртіп сақшыларына оңай болмады. Егемен ел болғалы Қазақстанда 815 полицей қызмет бабында қаза тапқан. 4 жарым мыңнан астамы жарақат алған. Олардың ерлігі естен кетпейді, есімі өшпейді. Қоғамда тәртіп пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін қызметкерлер үшін құрмет артуы керек. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз тәртіп сақшыларын қолдауға әрдайым ерекше көңіл бөлеміз. Кейінгі жылдары полиция қызметкерлерінің жалақысы бірнеше рет өсіп, тұрғын үйді жалға алу құнына өтемақы төлеу енгізілді. Сонымен қатар әкімдерге жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын қызметтерге 30 пайыздық үстемақы белгілеу құқығы берілді. Менің тапсырмама сәйкес биылғы 1 қазаннан бастап жедел-іздестіру қызметі қызметкерлерінің еңбекақысы көтеріледі. Біз полиция қызметкерлерін құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғауды жақсарту үшін кешенді шараларды жалғастырамыз. 

Полиция жастар үшін мәртебелі мамандық болуы шарт. Қоғамда тәртіп сақшысы дегенде отансүйгіш ашық, көмекке дайын адамның образы қалыптасу керек. Мұндай азаматтар арамызда аз емес. Алайда антына сатқындық жасап, құзыретін асыра пайдаланатындар да бар. Құқық қорғау органдары құқай көрсетті деген шағымдар мемлекет басшысына да түскен. Президент мұнымен күресті күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ полицияны жосықсыз айыптап, ар ожданына тигендер де жауапқа тартылатынын ескертті. Мемлекет басшысы мән берген тағы бір мәселе саяси әділдік хақында болды. Ел дамуына үлес косқан азаматтардың еңбегіне құрметпен қарау қажет екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз, қазақ халқы, саяси тұлғаларымыздың еңбегіне құрметпен, парасаттылықпен қарауымыз қажет. Бұл Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұлғасына да қатысты ақиқат. Оның тәуелсіз елімізді құру ісіне сіңірген еңбегін  бүкіл әлем қауымдастығы мойындады. Сондықтан Тұңғыш Президенттің тарихи рөліне құрметпен қарау бәрімізге ортақ міндет. Оның саяси мұрасына келешек ұрпақ әділетті бағасын бермек. Ал қазіргі ұрпақ өкілдері еліміз үшін табанды жұмыс істеуі керек. Біз бәріміз халық ретінде, ең алдымен, еңбекқор болуымыз қажет. Саяси ойындарға тосқауыл қойған жөн.

Әркім еңбегіне қарай бағасын алсын деген президент Ішкі істер министрлігіндегі үздік қызметкерлерге мемлекеттік наградалар тапсырып, мерейін үстем етті. Ардагерлерге арнайы құрмет көрсетіп, төл мерекемен құттықтады.