Президент Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық ахуалымен танысты
Елде төтенше жағдайлар саласына кадр даярлайтын жалғыз академия жаңа ғимаратқа көшеді.
Бүгін Президент Көкшетауға жұмыс сапары кезінде Үкіметке тиісті тапсырма берді. Орайы келгенде Түркиядағы құтқару жұмыстарына күн-түн демей, атсалысып жатқан отандастарымызға алғысын білдіріп, елге аман-есен оралған соң марапаттайтынын жеткізді. Өңірде атқарылған шаруаларды да пысықтап, денсаулық сақтау саласы мен агроөнеркәсіп кешенінің қазіргі ахуалымен танысты.
Сайдың тасындай іріктелген курсанттар бүгінгі аязға қарамастан академияға арнайы ат басын бұрған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты тәртіпке сай күтіп алды. Мемлекет басшысының да бұл оқу ордасына арнайы келуі бекер емес. Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясы өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды даярлайтын елдегі жалғыз мекеме. Қордаланған мәселелер де жоқ емес. Бірінші кезекте жатақхана жайы өзекті.
Қамбар Құрманғалиев, М. Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының курсанты:
- Жатақханамыз бізге сай келмейді. Өйткені ол жерде бір бөлмеде 30 адамнан жатамыз. Ал ол бөлмелерде 30 адам жатуға қиындау.
Бірінші үш жыл біз казармада тұрамыз курсанттар. Өйткені төртінші курсқа орын жетпейді жатақханада. Төртінші курста біз квартира тұрамыз.
Қысы-жазы мұндағы курсанттар оқу корпусына дейін жаяу жүреді. Бұл шамамен 2 шақырымдық жер. Академия басшылығы оқу процессін сапалы жүргізу үшін жаңа ғимарат қажет дейді.
Сырым Шәріпханов, М. Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының бастығы:
- Өзіміздің техникаларамыз бар. Курсанттарды оқытатын жағдайымыз бар. Бірақ, оның барлығын орналастыратын орын керек.
Біз ұсынып отырмыз жаңа ғимарат салу жатақхананың және де оқу корпусын. Не болмаса екінші вариант ол жаңадан академияны салып, ал осы тұрған ғимаратты үкіметке басқа мақсатта беру.
Бүгінгі кездесуде мемлекет басшысы ақжолтай хабарды курсанттарға да жеткізді. Демек, алдағы уақытта академияның жаңа оқу корпусы мен жатақхана салынады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Құтқарушыларды сапалы даярлауға ерекше назар аудару қажет. Бұл мәселеде әрине командирлер мен оқытушылар негізгі рөл атқарады. Осы ретте оқу жағдайы үлкен маңызға ие. Менің тапсырмам бойынша Үкімет Академияның материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелерін пысықтап жатыр. Жатақхана мен оқу корпусын салу жоспарланған. Жалпы, мемлекет еңбекақыны арттыру және құтқарушылардың әлеуметтік тұрғыда қамтамасыз етілуін жақсарту үшін жүйелі шаралар қабылдап жатыр.
Президент Түркияда жүрген мамандарға алғыс айтты
Құтқарушылардың кез келген мемлекет үшін аса қажеттілігін соңғы кезде болған ірі табиғи және техногендік апаттар көрсетіп берді.
Қазір біздің құтқарушылар мен дәрігерлер президент тапсырмасы бойынша жойқын жер сілкінісі болған Түркия елінде көмек көрсетуде. Олардың арасында Ақмола облысының 18 маманы бар. Президент анадолы жерінде күндіз-түні жұмыс істеп жатқан азаматтарымызға алғыс білдіріп, елге аман-есен оралған соң оларды марапаттайтынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Құтқарушы болу қиын әрі қатерлі жұмыс. Шын мәнінде бұл нағыз ержүрек азаматтардың кәсібі. Төтенше жағдай мамандары жұмыс барысында талай рет ерлік көрсетті. Басқа адамдардың өміріне араша түсіп, қаза тапқан құтқарушылар аз емес. Олардың қатарында осы Академияның түлегі Асқар Забикулин де бар. «Ер есімі – ел есінде». Батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмауға тиіс.
Көкшетауда заманауи аурухана салынады
Құтқарушылардан бөлек ақ халатты абзал жандардың да еңбегін елемей кетуге болмайды. Көкшетаудағы бұл оңалту орталығында инсульт алған, жүрегіне ота жасатқан, тізе буындары сырқыраған немесе протез орнатқан науқастар білікті дәрігерлердің көмегімен ем алуда. Оңалту курстарынан өтіп жатқан жандардың бірі 79 жастағы Сәния Жаңысова.
Сәния Жаңысова, қала тұрғыны:
- 5 рет бассейнге түсемін. 3 рет гидрованна алдым. Аллаға шүкір жақсарып келе жатырмын. Өте ұнайды маған осы центр. Массаж жасайды. Өте жақсы. Массажисткалары да оңды. Бәрі кішіпейіл.
Жалпы өңірде денсаулық сақтау саласы өзекті болып тұр. Ақмола облысы онкологиялық аурулар бойынша республикада алдыңғы қатарда. Дегенмен, өлім көрсеткіші 29 процентке дейін төмендеген. Саланы ары қарай дамытып, тұрғындардың сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру үшін көпбейінді аурухана салу көзделген.
- Будет создано дополнительно 50 рабочих мест. И данная больница будет оказывать услуги не только населению Акмолинской области и соседним нашим регионам.
Заманауи емдеу мекемесі 630 орынға шақталған. Құрылыс биыл наурыз айында басталады. Нысан Көкшетаудың Сарыарқа ауданында бой көтермек. Бұл ауданда осы күнге дейін 56 көппәтерлі тұрғын үй де салынған.
Өңірде машина жасау қарқын алды
Ақмола облысында машина жасау саласының жай-күйі жаман емес. Өңір республика көлемінде комбайнның 43 ал, трактордың 41 процентін шығарады. Соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығы техникаларын жасау 6,9 есе артқан. Көкшетаудағы бұл кәсіпорын трактор, комбайн, эксковатор және егін егу кешендерін шығарады.
Риат Шони, тілші:
- Кәсіпорындағы негізгі бөлшектер зауыттың өзінде жасалады екен. Мәселен, қалыңдығы 20 мм жететін темір болаттар арнайы станокта кесіліп, ары қарай мына білдекте майыстырылып, тиісті қалып жасалады. Ол ары қарай дәнекерлеу цехына жөнелтіледі.
Зауыт былтыр біраз қиындыққа тап болған көрінеді. Жылдық қуаттылығы 3 мың бірлік техника бола тұра, кәсіпорын өткен жылы 1 жарым мыңнан астам машина жасаған.
Олег Балыбин, "Қазақстан агроинновациялық корпорациясы" ЖШС Бас директоры:
- Былтыр геосаяси ахуалдың күрделенуіне байланысты зауыт үшін қиын кезең болды. Негізгі серіктестеріміз Ресей мен Беларусь елдері. Сондықтан қажетті бөлшектерді жеткізу ұзақ уақытты алды. Салдарынан өндіріс 20-25 пайызға төмендеп кетті. Қазір біртіндеп жағдай жақсарып келеді. Басты міндетіміз ішкі нарықты, яғни өз шаруаларымызды техникамен қамту.
Жалпы ауыл шарушалығына қажетті техника шығаратын отандық кәсіпорындарға бірқатар жеңілдіктер жасалған. Мәселен, қосымша құн салығын, утилизациялық алым сынды салық түрлерін төлемейді. Дей тұрғанымен елде ауыл шаруашылығы саласындағы қолданыста жүрген техникалардың 70 процентке жуығының тозығы жеткен.
Риат Шони, Марат Диханбаев, Дулат Ентебеков және Алмас Омарғалиев