Президент АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысын қабылдады
АҚШ Қазақстанның ең ірі инвесторы.
Бүгінгі күнге дейін 62 миллиард доллар инвестиция құйған. Бұл туралы мемлекет басшысы елімізге ресми сапармен келген Энтони Блинкенмен кездесу кезінде айтты. Президент америкалық дипломатқа ілтипат білдіріп екі ел арасында дипломатиялық байланыс орнаған уақыттан бері өзара тиімді іс-әрекеттер жолға қойылғанын атап өтті. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Құрама Штаттардың С5+1 форматындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған күш-жігерін құптады. Орталық Азия елдері мен АҚШ-тың сыртқы саяси ведомстволары жетекшілері кездесуінің Астанада өтуінің маңыздылығына тоқталды. Өз кезегінде Америка дипломаты Қазақстандағы саяси және экономикалық өзгерістерге жоғары баға беріп, екі ел арасындағы қарым-қатынас күшейе түсетінін айтты. Сонымен қатар қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдіріп, АҚШ Президентінің сәлемін жеткізді.