22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні

Бүгін Ұлыстың ұлы күні. Наурыз мейрамы табиғаттың жаңаруын және жаңа өмірдің басталуын білдіреді.

Күн мен түннің теңеліп, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі Тәуелсіз еліміздің зор ықыласпен тойланатын нағыз халықтық сипаттағы салтанатына айналды. Осы күндері республика бойынша мерекелік іс-шаралар, көрмелер, концерттер, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, жәрмеңкелер өтеді. Мысалы, еліміздің бас қаласында жүзден астам іс-шара жоспарланған. Ал мәдени астана Түркістанда мереке 10 күн бойы тойланады. 

Зубайда Сұрағанова, этнограф:

- Қыстың соңы және көктемнің басы. Бұл маусымаралық кезең өте күрделі. Осы сәтте мифологиялық санада күрес жүреді: қыс - зұлымдық күштері, көктем - жақсылықтың нышаны. Міне бұл ақ пен қараның арасындағы күрес. Егер 21-22 Наурызды алсақ, ол күн мен түннің теңелуі. Қараңғылық пен жарық тең. Егер табиғатта мұндай тепе-теңдік болса, сәйкесінше ол қоғамға да әсер етеді. Демек, бұл күні барлық адамдар да тең дәрежеде болуы керек.