Мемлекет басшысы Алмасадам Сәтқалиевті қабылдады

Биыл елде тауарлық газды үнемдеп тұтынуды ынталандыру үшін энергия тиімділігін арттыру жоспары әзірленеді. Мұны Энергетика министрі айтты.

Алмасадам Сәтқалиев Мемлекет басшысының қабылдауында болып, Президентке елдегі отын-энергетика кешенінің негізгі көрсеткіші, жанар-жағармай нарығын үздіксіз қамтамасыз ету шаралары, сондай-ақ ірі мұнай-газ жобаларын одан әрі дамыту жайын баяндады. Бұдан бөлек, генерация секторындағы жобаларды жүзеге асыру, электр энергиясының тапшылығын жою, осы саладағы реттеу тәсілдерін жетілдіру мен нарықты дамытудың жаңа моделін енгізу туралы ақпарат берді. Кездесу соңында Президент елдің энергетика инфрақұрылымын одан әрі жаңғыртудың, мұнай-газ жобаларын уақытылы жүзеге асырудың маңызды екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа ішкі нарықты газбен қамтамасыз ету және жалпы газ саласын дамыту шаралары жөнінде мәлімет берілді. Энергетика министрі биыл Қазақстанда тауарлық газды үнемдеп тұтынуды ынталандыру үшін энергия тиімділігін арттыру жоспары әзірленетінін айтты.