Президент Чехия премьер-министрін қабылдады

Астана мен Прага арасында тікелей әуе рейсі ашылады.

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Чехия Премьер-министрі Петр Фиаланы қабылдады. Бұл мәртебелі мейманның елімізге жасаған алғашқы ресми сапары. Оның аясында екі ел арасындағы іскерлік байланыстар мен ынтымақтастықты ілгерілетуге бағытталған бизнес форум өтеді. Мемлекет басшысы осы ретте чех инвесторларына жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Петр Фиала да Қазақстанның Чехия үшін маңызды серіктес екенін атап өтті. Әрі қос мемлекеттің ынтымақтастығы Еуропалық Одақ пен Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынастың аса маңызды тірегі саналатынын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев кездесу барысында Чехия Президенті лауазымына сайланған Петр Павелге құттықтауын жолдады.

Чехия Республикасынан энергетика, машина жасау, көлік, ауыл шаруашылығы, қаржы, медицина өнеркәсібі және фармацевтика секілді экономиканың түрлі салаларына құйылатын инвестицияны құптаймыз. Сондай-ақ елдеріміздің астаналары арасында тікелей әуе қатынасын ашамыз деп сенеміз, деді Мемлекет басшысы.