Жетісу облысында жыл басынан бері 600-ге жуық жол-көлік апаты тіркелді
Жетісу облысының жолдарын арнайы белгісі жоқ полиция көліктері қадағалай бастады, деп хабарлайды 24KZ. Жол ережесін бұзғандарды жасырын анықтайтын жоба әзірге сынақтан өтіп жатыр. Сала мамандары: «Мұндай тәсіл автомагистральдағы қауіпсіздікті күшейту мақсатында қолға алынды», – дейді. Себебі өңірде жол көлік апаттары көбейген.
Күрежолдарда жүретін бұл көлік бұрынғыдан өзгеше. Оның жылдамдықты анықтайтын құрылғысы үстінде емес, ішінде орналасқан. Сыртында да борт нөмірі сынды арнайы белгілері жоқ. Сондықтан көптің көзіне түсе бермейді.
Асхат Зияданов, жол патрульдік полициясының инспекторы:
- Бұл көліктің ерекшелігі, тек бір адам ғана қызметке түседі. Осы көлікпен жүру арқылы қатты жылдамдықты асырған көліктерді анықтап, сол көліктерге өзінің межелі түрдегі айыппұлын жазып береді.
Жетісу өңірінде мұндай үш көлік бар. Оны тізгіндеген тәртіп сақшылары әзірге тек бақылау жұмысын жүргізеді. Жолдағы қауіпсіздікті күшейту үшін тамызда облыс аумағына 34 бейнебақылау камерасы орнатылды.
Оспан Қапан, қала тұрғыны:
- Камераларды қойып жатқаны дұрыс. Адамдардың қауіпсіздігіне көмектеседі деп ойлаймын.
Асыл Ахметжанов, қала тұрғыны:
- Жүргізуші ретінде жылдамдықты асырмай жүрген дұрыс қой. Соның кесірінен көп ДТП болып жатыр ғой.
«Алматы-Өскемен» тасжолына және қала көшелеріндегі кешендерді әкімшілік практика бөліміндегі 6 адам қадағалайды. Олар жүргізушілердің арыз-шағымын қабылдап, айыппұлды мәжбүрлі түрде өндіруге жібереді. Қалған жұмыстың бәрі автоматтандырылған.
Лаура Сәрсекенова, облыстық ПД ӘПБ әкімшілік практика бөлімінің қызметкері:
- Әкімшілік құқықбұзушылықтар автоматты режимде тіркеледі, өңделеді. Полиция қызметкерлері келіп түскен әкімшілік құқықбұзушылықты өшіруге түзетулер енгізуге мүмкіндігі жоқ.
Саят Ибраимов, облыстық ПД ӘПБ әкімшілік практика бөлімінің бастығы:
- 34 бекет орнатылған сәттен 35 мыңға жуық әкімшілікқұқық бұзушылық тіркелген. Сол орнатылған бекеттер маңайында жол-көлік оқиғалары азайған.
Жетісу облысында жыл басынан бері 600-ге жуық жол-көлік апаты болды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 195-ке көп. Қара жолдағы қайғылы жағдайдан 100-ден аса адам көз жұмған.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Олжас Байбосынов.