Президент Ұлттық банктің жылдық есебін қабылдады
Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен кеңес өтіп, онда өткен жылғы ақша-кредит саясатының жүзеге асырылу нәтижелері, қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ Ұлттық банктің алтын-валюта қоры мен Ұлттық қор активтерінің жай-күйі айтылды.
Мемлекет басшысының айтуынша, инфляция, макроэкономикалық және энергетикалық тұрақсыздық әлі де экономиканың негізгі түйткілдері ретінде сақталып отыр. Әлемдік ұйымдар Халықаралық валюта қорының бағалауы бойынша жаһандық өсім 2021 жылғы 6,2-ден 3,4%-ке дейін айтарлықтай бәсеңдейтінін және баға қысымы күшейетінін болжап отыр. Президент мұның бәрі еліміздің экономикалық дамуына әсер ететінін тілге тиек етті. Сондай-ақ Үкімет пен Ұлттық банкке және басқа да мемлекеттік органдарға барынша үйлесімді әрі тиімді жұмыс жүргізу қажеттігін тапсырды.