Президент Еуразиялық одақтың 10 жылдығын Қазақстанда атап өтуді ұсынды

Еуразиялық экономикалық одақтың дамуы қарапайым халықтың әл-ауқатынан көрініс табуы тиіс.

Бүгін Мәскеуде өткен Жоғарғы еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Яғни ортақ жобалардың барлығы ұйымға мүше елдердің экономикасына оң әсер етуі керек.

Алқалы жиында тағы  қандай мәселелер талқыланды?

Дамир Берікұлы, тілші:

- Дәстүрге айналған Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес әдетте жылына 2 рет өтеді. Негізінен көктемде және күзде. Соңғы жиын былтыр желтоқсан айында Қырғызстан астанасы Бішкекте ұйымдастырылды. Міне сол кеңесте Еуразиялық экономикалық одақ органдарына биыл төрағалық ету Ресейге тапсырылған болатын. Кешегі Еуразиялық экономикалық форум, бүгінгі кеңес барлығы соның аясында өтіп жатыр.

Маңызды жиын Мәскеудің Үлкен Кремль сарайында өтті. Мемлекет басшылары алдымен шағын құрамда кездессе, артынша кеңейтілген отырыста бас қосты. Кеңесте сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев қазір геосаяси қиындықтар бүкіл әлемнің экономикалық дамуына айтарлықтай кері әсер етіп отырғанын, десе де, Еуразия кеңістіктегінде бірігіп жұмыс істеудің арқасында одаққа мүше елдер экономикалық өсімін сақтап, өзара сауда көлемін арттырып отырғанын айтады. Мәселен, ұйым құрылғаннан бері Қазақстанның одаққа мүше өзге елдермен арадағы тауар айналымы 74 пайызға ұлғайып, оның ішінде экспорт 98 пайызға өскен.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Одақты құрудағы маңызды мақсаттардың бірі – ол үшінші елдерден барынша тиімді тауарлар алу. Сондықтан экономикалық мүдде үшін халықаралық ұйымдармен байланысты жалғастыра беру қажет. Еуразиялық экономикалық комиссияның алдында қазір Біріккен Араб әмірліктері, Индия, Египет, Индонезия және Израильмен еркін сауда аймағын құру жөніндегі келіссөздерді жеделдетіп аяқтау міндеті тұр. Сондай-ақ біз Шанхай ынтымақтастық ұйымы, АСЕАН, МЕРКОСУР секілді халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасты күшейту керек. Бұл ниетімізді олар да қолдайды деп ойлаймын. 

Ал әлемдегі геосаяси жағдайды ескере отырып, Қазақстан қазір еуразиялық өнеркәсіп кооперациясын дамытудың орталығына айналуға дайын. Яғни жеңіл автокөлік, локоматив, теміржол вагондары, ауылшаруашылығы техникалары мен химиялық заттар шығаратын, сондай-ақ кен орындарын игеру мақсатында бірлескен кәсіпорындар ашуға болады. Президент мұндай ұсыныстарға ашық екенін жеткізді. Ұйым үшін тағы бір маңызды сала - жаңа халықаралық көлік дәліздерін құру. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің әсіресе Еуропа мен Азияны, оңтүстік пен солтүстікті жалғай алатын әлеуеті бар. Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев, "Челябинск-Болашақ-Иран" бағыты бойынша жылдамдығы жоғары жүк пойыздарын жіберуді ұсынды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ол үшін Челябинскіде жүк жинақтайтын орталық аша отырып, «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізінің қолданыстағы инфрақұрылымын пайдалануға болады. Біз өзіміздің Бейнеу – Маңғыстау темір жол желісіндегі және Бейнеу – Шалқар автомобиль жолындағы талапқа сай келмейтін учаскелерді қайта салуға әзірміз. Тиісті жүк тасымалы ағынын қалыптастыру үшін күш жұмылдыру маңызды. Сол себепті Қазақстан мұны сөзсіз іске асырады. Бақты – Аягөз темір жолының құрылысын өзара тиімді ынтымақтастығымыздың нақты мысалы деуге болады. Оның іске қосылуы Қазақстанның да, Ресейдің де Қытай бағытына жөнелтетін жүк көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.  

Мемлекет басшысы цифрландыру бойынша да тәжірибе алмасып, сол арқылы тауарлар мен азаматтардың қозғалысын айқын бақылауға болатынын атап өтті. Туризм мен агроөнеркәсіп салаларын да бес елдің жеткен жетістіктері жетерлік. Алайда арада интеграция әлсіз, бірлескен жобалар аз. Сөз соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы Еуразиялық экономикалық одақтың құрылғанына 10 жыл толатынын және осы мерейтойлық шараны Қазақстанға өткізуге шақырды.

Дамир Берікұлы, Айдос Меделбеков, Бахытбек Нұртаев