Қазақстан пен Араб Әмірліктері ынтымақтастықты нығайтады
Қазақстан мен Араб Әмірліктері сауда-экономика, инвестиция салаларында ынтымақтастықты одан әрі нығайтады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мемлекет басшысы осы елдің компанияларын ауыл шаруашылығы, энергетика, мұнай химиясы, тау-кен өндірісі, құрылыс, көлік-логистика, қаржы және туризмдегі жобаларға белсенді қатысуға шақырды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абу-Даби Әмірлігін билеуші әулеттің өкілі, шейх Сурур бен Мұхаммед Әл Нахаянмен кездесті. Ақордада тараптар өзара байланысты нығайту жолдарын қарады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Биыл жыл басында Әмірліктерге жасаған сапарымды және ел басшылығымен өткізген кездесулерімді жылы сезіммен еске аламын. Қол жеткізілген уағдаластықтар екі ел халықтарының игілігі үшін қызмет етіп жатқанын ерекше атам өтемін. Араб Әмірліктері – біз үшін ислам әлеміндегі сенімді әрі басты стратегиялық серіктес. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қолдау көрсетіп келе жатқан бауырлас ел. Мұны қазақ халқы ешқашан ұмытпайды. Әмірліктердің ел көркеюіне қосқан үлесін достық пен тығыз ынтымақтастықтың жарқын бейнесі деп қабылдаймыз. Мүмкіндікті пайдаланып, Араб Әмірліктерінің басшылығына алғысымды білдіремін және Президент шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянға ыстық ықыласқа толы сәлемімді жолдаймын.
Шейх Сурур бен Мұхаммед Әл Нахаян, Абу-Даби Әмірлігін билеуші әулеттің өкілі
- Сіздің қаңтар айында БАӘ-ге жасаған ресми сапарыңыз достас екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту тұрғысынан табысты болды. Еліңізбен арадағы қарым-қатынасымыздың тарихы тереңде. Бүгінде халықаралық және аймақтық жағдайларға қарамастан көптеген салада ынтымақтастығымыз нығайып келеді. Бірлескен инвестициялық жобаларымызды жүзеге асыруға барынша қолайлы жағдай жасағаныңыз үшін сізге және Қазақстан Үкіметіне ризашалығымызды білдіреміз.
Кездесу соңында Президент екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін шейх Сурур бен Мұхаммед Әл Нахаянды бірінші дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.