Президент «Атамекен» этно-мемориал кешенінде Ту көтеру рәсіміне қатысты
Қасым-Жомарт Тоқаев жиналған қауымды әуелі Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.
«Көк байрақ Ту, Елтаңба және Әнұранымыз – күллі халқымызға қастерлі нышандар. Әлем Қазақ елін көк байрағына қарап танитын болды», - деді. Сондықтан қастерлі нышандарымызды құрметтеу – әрбір азаматтың перзенттік парызы. Салтанатты рәсімнің тағылымдық мәні де осында жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз асыл құндылықтарымызды аяқ асты етуге жол бермейміз. Биыл мемлекеттік рәміздерді қорлаған адамдарды жазалау шаралары күшейтілді. Түсіндіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп жатыр. Отаншылдық мемлекеттік рәміздерді қастерлеуден басталады. Біз ұлттық нышандарымызды ұлықтау арқылы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетеміз. Оларды отансүйгіштік, жасампаздық рухта тәрбиелейміз. Сондықтан бүгінгі салтанатты рәсімнің тағылымдық, тәрбиелік мәні айрықша.
Салтанатты рәсім барысында 12 түлек Президент, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының қолынан офицерлік шен алды. Бұлар – Қорғаныс, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктері және Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты оқу орындарын үздік бітірген түлектер.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Құрметті жас сарбаздар! Біз қазір еліміздегі ең биік байрақтың түбінде тұрмыз. Жыл сайын осы жерде жас офицерлерге әскери шен табыстау жақсы дәстүрге айналды. Осындай шаралар Отан күзетінде тұрған жастарымызға жігер береді. Оларға зор жауапкершілік жүктейді. Бабаларымыз «Туың жығылмасын» деген баталы сөз қалдырған. Рәміздерімізді қорғап, қадірлеу, көздің қарашығындай сақтау – бәрімізге ортақ аманат. Сіздер халқымызға адал қызмет етесіздер деп сенемін.
Самат Темірбеков, Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының түлегі, полиция лейтенанты:
- Бала кезімде менің арманым болған полицияда жұмыс істеу. Бала кезімде осы сфераға кететінімді білдім. Міне солай шықты. Енді бүгінгі күнде мен Президентімізден пагон алып отырмын. Бұйырса, Алла жазса генерал болуды армандаймын.