Ә.Смайылов Еуропалық комиссияның вице-президенті М.Шефчовичпен келіссөз жүргізді
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов пен Еуропалық комиссияның вице-президенті Марос Шефчович Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы сауда, инвестиция, энергетика, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Премьер-Министр Қазақстан Еуропалық Одақпен инвестициялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге және өзара сауданы әртараптандыруға мүдделі екенін атап өтті. Сонымен қатар соңғы жылдары аса маңызды шикізат саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесі де өзекті болып отыр. Былтыр осы бағыттағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған еді. Ал бірнеше апта бұрын Алматыда Меморандумды жүзеге асыру бойынша жол карталарымен алмасу шарасы өтті. Өз кезегінде Марош Шефчович Еуропалық Одақтың бұған дейін қол жеткізілген барлық уағдаластықты жүзеге асыруды жалғастыруға дайын екенін атап өтті.
Марош Шефчович, Еуропалық Комиссияның вице-президенті:
- Менің республикаға сапарым Еуропалық Одақта Қазақстанды аса маңызды стратегиялық серіктес ретінде көретінімізді дәлелдейді. Біз өзара тауар айналымының артқанына қуаныштымыз және сіздің елдегі ең ірі инвесторлардың бірі болғанымызды мақтаныш тұтамыз. Менің сапарымда сіздердің министрлеріңізбен кездесулердің барлығы сәтті өтті. Біз бірлесе жұмыс істеуге болатын ортақ жобаларды талқыладық. Барынша тығыз ынтымақтастықты әрі қарай нығайту – біздің күн тәртібімізде тұрған негізгі мәселелердің бірі.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Құжат экономиканың нақты секторларындағы әріптестігімізді нығайту бойынша нақты шараларды көздейді, оның негізгі элементі «жасыл» технологияларды енгізу болып табылады. Бұл осы саладағы ортақ мақсаттарымызды жүзеге асыруға қосымша серпін беретіні сөзсіз.