Президент қатарлық делегациямен кездесті
Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни бастаған делегациямен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Президент әріптесіне ілтипат білдіре отырып, Астана халықаралық форумына Қатар үкіметі мен бизнес өкілдерін бастап келгені үшін алғыс айтты. Мемлекет басшысы Әмірлік елі Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды әрі сенімді серіктесі екенін атап өтіп, бүгінгі келіссөздер екі ел арасындағы ынтымақтасты одан әрі дамытуға тың серпін беретініне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Таяу арада екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Бұл – ерекше мерейлі белес. Осы кезеңде біз тиімді мемлекетаралық ынтымақтастыққа қол жеткіздік. Сындарлы саяси диалог құрдық. Былтыр Сіз елімізге мемлекеттік сапармен келдіңіз. Сондай-ақ жуырда Қазақстан Премьер-министрі Қатарға сапармен барып келді. Бұл – дәстүрлі достық пен берік әріптестіктің айқын дәлелі. Сіз мемлекеттеріміздің арасындағы ықпалдастықты тереңдетуге зор үлес қосып келесіз. Мен мұны жоғары бағалаймын. Қазақ-қатар байланыстарын нығайту үшін сізбен бірлесе әрекет етуге әрдайым дайынмын. Қатар инвесторларына барынша қолдау көрсетіп, қолайлы жағдай жасаймыз.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан Қатарға жалпы құны 250 миллион доллар болатын 60-қа жуық өнім түрінің экспортын арттыруға дайын. Сондай-ақ іскерлік байланыстарды нығайту үшін екі ел арасында тікелей әуе қатынастарын ашу маңызды.
Шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни, Қатар Әмірі:
- Құрметті Президент мырза, ең алдымен, мені құрметпен қарсы алғаныңыз үшін алғыс айтамын. Астана халықаралық форумына шақыруыңызды қабыл алып, Қазақстанға келіп отырмын. Былтыр қазан айында Қазақстанда кездескеннен кейін тағы да жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Бұл екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың табысты болуына жол ашады деп ойлаймын. Түрлі саладағы екіжақты қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Біз басқа да бағыттардағы ынтымақтастықтың ауқымын кеңейтуге ниеттіміз.