Қ.Тоқаев соғыс туралы не айтты?

Әділдік соғыс пен қақтығыс идеологиясынан жоғары тұруы тиіс.

Біз өзіміз таңдаған жолды абыроймен жүріп өту үшін барлық сын-қатерге дайын болу керектігін де білеміз. Әрі біз бұған дайынбыз. Қазақстан Орталық Азиядағы бауырлас мемлекеттермен аймақтық әріптестік орнатуға баса мән береді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумының пленарлы сессиясында осылай деді. Бірнеше елдің басшысы мен әлемдегі іргелі ұйым жетекшілері бас қосқан алқалы жиында тағы не айтылды?

Астана бүгін ерекше ыстық. Тек күн райы емес, елдің саяси-экономикалық алаңындағы температура да жоғары. Форумға 40 шақты елден 500-ге тарта адам келді. Белді сарапшы-экономистер, алпауыт компания жетекшілері, түрлі ұйымдар мен мемлекет басшылары елордаға табан тіреді. 

Қорған Қонысбайұлы @korgantore: 

- Астана осы күндері халықаралық алаңға айналды. Форумға арнайы келген қонақтарды Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Мәртебелі меймандар қатарында Қатар Әмірі, Қырғызстан Президенті, Өзбекстан Премьер-министрі, Босния және Герцеговина президиумының төрағасы, ЮНЕСКО бас директоры, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры бар. 

Тараптар су бөлуде келісе ала ма?

Жоғары деңгейдегі пленарлық отырыстың өзіне модератор CNN-нен шақырылған. Форумның ақпараттық серіктесі де осы арна. Әйгілі жүргізуші Ричард Квест ел басшылары мен ұйым жетекшілеріне сөз беріп, сұрақ қойды. Сахнаға бірінші шыққан қазақ президенті. Қасым-Жомарт Тоқаев күн санап өзекті болып бара жатқан су мәселесіне тоқталды. Тіршілік көзінің тапшылығы әсіресе Орталық Азия елдерінің жанды жеріне айналды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Біздегі мұздықтардың көлемі қазір 30 пайызға қысқарды. Аймақтағы екі үлкен өзен Сырдария мен Әмудариядағы су деңгейі 2050 жылға қарай 15 пайызға түседі. Біз аймақтағы экологиялық апаттың алдын алу үшін Халықаралық Аралды қорғау қорын қолдауға көбірек қаржы бөлуге шақырамыз.

Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:

- Халықаралық Аралды құтқару қоры 1993 жылы құрылған болатын. Президент оған ақшаны көп бөлу туралы мәселені көтірді. Оның да маңыздылығы бар. Неге десеңіз, мысалы Қазақстан тарапы кіші Аралды құтқару үшін бүгінгі күнге дейін 500 млн теңгеден астам қаржы бөлген болатын. Бірақ енді алдағы уақытта Сырдария мен Әмударияның су деңгейі түсетін болса яғни бұл ол Арал суының тартылуына алып келуі мүмкін. СОндықтан осы тұрғыдан алған кезде Президенттің көтеріп отырған мәселесі алдағы 10 жылдың мәселесін бүгінгі таңда шешіп алу. 

Мұны іргедегі алашапанды ағайын да біліп отыр. Сондықтан қазақ басшысының Аралға қатысты айтқанын Өзбекстанның премьер-министрі де қолдады. Абдулла Арипов шетелдік инвесторларды Арал теңізінің мәселесін шешуге шақырды. Қырғыз Президенті болса Орталық Азия - климаттық өзгерістерге бірге төтеп беруі керек деген пайымда.

Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының президенті:

- Өкінішке орай, әлем бойынша климаттың өзгеруінен туындайтын проблемалар біздің өңірде ерекше байқалады. Әсіресе түрлі табиғи катаклизмдердің көбеюі әлеуметтік-экономикалық мәселелердің туындауына және азық-түлік тапшылығына әкелуі мүмкін. Сондықтан қазір біздің аймақта жасыл экономикаға көшу, климаттық өзгерістерге икемделу, су және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану аса маңызды болып отыр. Соның ішінде су тапшылығын жеке қарастыруымыз керек. Қырғызстан жасыл, экологиялық таза, бейтарап экономика қағидаттарын нығайтуға өз үлесін қосуға дайын.

Қ. Тоқаев климаттық саммит өткізуді ұсынды

Су тапшылығы өңірдегі бес елге де ортақ. Ендеше мәселені біріге отырып шешу керек. Қазақ басшысы осындай ұстанымда. Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтағы климат және өзге де мәселелерді талқылау үшін Алматыда Орталық Азия елдерінің жобалық кеңсесін құруды және БҰҰ секілді халықаралық ұйымдарды тарта отырып, 2026 жылы Қазақстанда климаттық саммит өткізуді ұсынды.

Геосаяси шиеленіс қашан шешіледі?

Қазір геосаясатта дүлей дауыл соғып тұр. Сондықтан форумда қауіпсіздік мәселесі айтылмай қалсын ба?! Бұған қатысты онлайн режимде БҰҰ Бас хатшысы пікір білдірді. Антонио Гутерриш «әлемде қақтығыс мен геосаяси шиеленіс көбейіп барады» деп алаңдап отыр.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Біз қазір қиын уақытта өмір сүріп жатырмыз. Климаттық дағдарыс процесі үдей түсті. Бұл ретте тұрақты даму мақсаты - жаһанда бейбітшілік пен әл-ауқатты ұстап тұру жоспарына айналды. Бірақ бұл бағыттағы жұмыстар жақын арада іске аса қоймайды. Ол анық. Бүгінгі таңда біздің ұжымдық іс-әрекетіміз болып жатқан жағдайлардың қарқынына ілеспейді. Біздің жалпы күн тәртібімізде бастамаларды жетілдіру керек. Әлем елдерінің басшылары тұрақты дамуға ұмтылу қажет. Осы орайда Астана халықаралық форумы қордаланған проблемаларды талқылауға, оларды тиімді шешуге ықпал етеді.

Қауіпсіздікке келгенде қазақ президенті жаппай қырып-жою қаруына қатысты біздің ұстанымды тағы нақтылады. «Өз тарапымыздан ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімді қолдаймыз» деді. Сосын БҰҰ хақында айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылған сәттен негізі қаланған әлемдік тәртіптің іргетасының бұзылу үдерісіне куә болдық. БҰҰ бүкіл адамзатты біріктіретін бірден-бір жаһандық әмбебап ұйым  болып қала береді. Осы ретте Қауіпсіздік Кеңесінің жан-жақты реформаларынсыз бұл сын-қатерлерді шешу ісінде табысқа қол жеткізе алмаймыз. Кеңестегі «Орта державалардың» өкілдерінің пікірі мейлінше салмақты болуы тиіс. 

Арман Тоқтышақов, әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

- Көптеген сарапшы БҰҰ-ның ең үлкен алаң ретінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету күшінен айырылып жатқаны айтып жүр. Бәлкім бұл сын белгілі бір дәрежеде орынды да шығар. Осы орайда ірі ұйым жалпы ұстанымын айқындап, қақтығыстарды реттеу ісінде жауапты құрылым болуы қажет. Ол үшін қауіпсіздік кеңесіне реформа керек. 

Үшінші мәселе – экономика. Қазақстан бұрыннан Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасындағы алтын көпір. Қазіргі қиындықтардың өзінде біздің ел Орталық Азияда экономикалық локомотив қызметін атқарып отыр. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев ашық айтты. Кейін шетелден кең көлемде инвестиция тартуды жалғастырамыз деді. 

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Біз жоғары деңгейдегі жалпы 25-30 млрд жалпы жыл тікелей шетел инвестицияларына міндет қойып отырмыз. Одан кейін жалпы Қазақстанның халықаралық алаңда біздің имиджді көтеріп жатыр. 

Соғыстар мен қақтығыстар идеологиясын тоқтату керек. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгін жасаған осы мәлімдемесі сарапшылар арасында қызу талқыланды. CNN журналисінің сұрағына жауап бергенде Мемлекет басшысы әлем бойынша қарапайым адамдардың өмірі күрделене түсті. Ортақ мәселелерді бірге шешуіміз керек деді. 

Тьерри де Монбриаль француз халықаралық қатынастар институтының негізін қалаушы және атқарушы төрағасы

Дәл қазір әлемге үшінші дүниежүзілік соғыс қаупі туып тұр. Бүгінгі баяндамалардың ішінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарулы қақтығыс идеологиясы жайлы айтқан тұсын атап өтер едім. Бізге, расымен, осыдан сақ болуымыз керек. Идеология - қауіпті құрал. Жағдайды ушықпас үшін, реалист болуымыз керек. 

Бұл форум өзара белсенді ынтымақтастыққа тікелей ықпал етеді. Сондықтан сарапшылар қазіргідей қилы кезеңде мұндай қарым-қатынастар ауадай қажет деп отыр. Астана халықаралық форумының негізгі миссиясы да осы. Проблемаларды бірлесіп шешудің жолын іздеу. 

Қорған Қонысбайұлы, Марат Диханбаев