Өрттен қаза тапқандардың отбасыларына ₸7 млн бөлінеді

Абай облысында өрттен қаза тапқандардың отбасыларына 7 млн теңгеден және әр балаға 2 млн-нан қаражат бөлінеді.

Премьер-Министр жедел кеңес өткізіп, осылай мәлімдеді. Өрттің себебін анықтау үшін арнайы Үкіметтік комиссия құрылды. Әлихан Смайылов 10 күн ішінде оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, тиісті қорытынды жасауды тапсырды. Бұдан бөлек, қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге қажетті қолдау шараларын көрсету мақсатында арнайы қор құрылды. Ал 40-тан астам қазақстандық ЖОО өрттен зардап шеккен отбасылардың студенттеріне гранттар мен жатақханадан орын беруге дайын. Оған қоса ақылы негізде оқитын студенттер мен магистранттарды грантқа ауыстыру көзделген.