Президент елорда әкімін қабылдады
Биыл Астанада әлеуметтік жеңілдікпен берілетін 6 мыңға жуық пәтер мен 16 үлескерлік құрылыс нысанын салу жұмыстары аяқталады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Сонымен қатар 25 инвестициялық жоба іске қосылады. Бұл 1,8 мың жұмыс орнын аша отырып, 87 миллиард теңге көлемінде қаржы тартуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Мемлекет басшысының қабылдауында болған қала әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді. Шаһар басшысы Президентке елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы барысын баяндады. Әкімнің айтуынша, биылғы 5 айда тартылған инвестиция көлемі 425 миллиард теңгеден асқан. Сонымен қатар Тәуелсіздік даңғылындағы көпір құрылысы аяқталып, 400 жаңа автобус пайдалануға беріледі және биыл 150-ден астам аула мен қоғамдық орындар абаттандырылмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қала басшысына Астананың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту сынды бірқатар тапсырма жүктеді.
Жеңіс Қасымбек, қала әкімі:
- Мемлекет басшысына әлеуметтік-экономикалық дамуы барысын баяндадым. Жалпы осы жылдың 5 айы бойынша оң динамика көрсетіп отыр. Мысалы, қалаға келген инвестиция көлемі 24%-ке ұлғайып отыр. Мемлекет басшысы жылыту маусымына байланысты тапсырмалар берді.