Тоқаев Астана халықаралық қаржы орталығының басқарушысын қабылдады
Мемлекет басшысы "Астана" халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұровты қабылдады.
Президентке орталықтың былтыр және биыл 5 айда атқарған қызметінің нәтижесі баяндалды. Орталық құрылғалы бері Қазақстанға 8 млрд 300 млн доллардан астам инвестиция тартқан. Әлемнің 75 елінен 2 мыңға жуық компания кәсіп жүргізу үшін орталықтың юрисдикциясын таңдады. Қытай банктері, араб елдерінің қаржы құрылымдары және танымал технологиялық компаниялар елімізде өкілдігін ашып жатыр. Орталық құрылған сәттен бастап қатысушылар бюджетке 50 миллиард теңгеден астам салық төлеген. Қаржылық дауларды шешу институттары бүгінге дейін 2 мыңнан астам коммерциялық істі қараған. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев "Астана" халықаралық қаржы орталығын еліміздің басты инвестициялық алаңдарының бірі ретінде халықаралық деңгейде ілгерілету керегін айтты.
Ренат Бектұров, "Астана" халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:
- Мемлекет басшысына АХҚО-ның басқарушы кеңесінің сырттай отырысына 2 мәселе шығарылғанын айттым. Біріншісі ол орталықтың 2022 жылғы жылдық есебі. Екіншісі - бұл біздің жаңартылған стратегияға байланысты 3 салаға, яғни елге инвестиция тарту, екінші - қаржы нарығын дамыту және үшіншісі бұл жаңа технологиялардың дамуына септігімізді тигізу болып табылады.