Абай облысындағы өрттен зардап шеккен отбасыларға баспана берілді
Президент тапсырмасына сәйкес Абай облысындағы алапат өрт кезінде жапа шеккендерге жан-жақты қолдау көрсету жұмыстары басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қара жамылған әр отбасы 7 миллион теңге көмек алады. Бұдан бөлек, әр балаға 2 миллион теңгеден беріледі.
Бүгін Семейдегі өрт кезінде қаза болған орманшылардың жанұясына пәтер кілттері тапсырылды. Жаңа әрі жайлы баспаналар шаһардың Қарағайлы ауданында орналасқан.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына жасаған жұмыс сапарында өршіген өртті сөндіремін деп өмірін қиғандардың отбасына жан-жақты көмек көрсетуді тапсырған. Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев тілсіз жаумен күресте қаһармандықтың үлгісін танытқан 15 орман шаруашылығы қызметкерінің туған-туыстарымен кездесіп, баспана кілтін табыс етті.
Роман Нұржанұлы, Саят Нұржігітовтің ағасы:
- Үкіметтің осындай Саяттың еңбегін елеп-ескеріп, беріп жатқан осы, міне, артында қалған отбасына ризашылығымызды білдіреміз. Бұл – Саяттың өзінің еңбегі. Өзінің жерін, елін, отбасын қорғаймын деп отқа өзінің кеудесін төсегеннен кейін бұл құрметке біз ризамыз. Өйткені артында қалған бала-шағасына жақсы өмір, жақсы осындай заман болсын.
Алапат өрт кезінде Бородулиха ауданының Барышовка ауылындағы 2 тұрғын үй жанып кетті. Баспанасыз қалғандарға пәтер кілті берілді.
Нұрлан Ұранхаев, облыс әкімі:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өрт салдарынан зардап шеккен, қайтыс болғандардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсетуді тапсырған болатын. Бүгін біз Қарағайлы тұрғын үй ауданынан пәтер кілттерін табыстап отырмыз. Пәтерлер өздеріңіз көріп отырғандай жаңа, жарық, қажетті жиһазбен, тұрмыстық техника қойылған.
Облыс басшысы өрттен зардап шеккен азаматтардың отбасыларына қолдау көрсету жалғасатынын жеткізді.
Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы.