Президент Ұлттық құрылтайдың екінші отырысын өткізеді

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында Ұлттық құрылтайдың екінші отырысын өткізеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірінші күні 3 жұмыс секциясы өтті. Отырыста қоғамды жаңғырту, мәдени рухани даму, сонымен қатар білім және ғылым саласындағы өзекті мәселелер жан-жақты талқыланып, шешу жолдары ұсынылды.

Киелі Түркістан шаһарындағы ұлы жиынға ұлтқа қызмет етіп жүрген барлық саланың мамандары мен майталмандары, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен қоғамдық пікір көшбасшылары жиналды. Құрылтайдың бірінші күні 3 жұмыс секциясы өтті. Отырыста қоғамды жаңғырту, мәдени рухани даму сонымен қатар, білім және ғылым саласындағы өзекті мәселелер жан жақты талқыланып, шешу жолдары ұсынылды.

Аида Балаева, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары, Ұлттық құрылтай хатшысы:

- Құрылтайдың жұмысы 3 тақырып секция аясында жүргізілді. Нәтижесінде 50-ден астам Ұлттық құрылтай мүшесі сөз алып, өз ұсыныстарын ортаға салды. Осылайша, құрылтайдың бірінші күнінің қорытындысы бойынша, ұзын саны 100-ден астам ұсыныс келіп түсті. Ұсыныстар мазмұны жағынан да, мән-маңызы жағынан да өте ауқымды және көптеген бағыттарды қамтиды. Осы жұмыс секциялары отырысының қорытындысы бойынша, жиналған барлық ұсыныстарды Мемлекет басшысының назарына жеткізіп, мемлекеттік органдармен бірлесіп, іске асыру арнайы жоспары әзірленетін болады.

Бірінші сессияда Ұлттық құрылтай мүшелері азаматтық қоғамды дамыту, этносаралық бірлікті нығайту, қоғамдық бірлестіктердің заңнамалық реттеу, ұлттық идеология, өңірлердегі қоғамдық кеңестердің рөлі талқылады. Қоғам тарапынан келіп түскен бірқатар мәселелерді құрылтайда қаралды. Ол үшін былтыр ЕГОВ платформасында арнайы өтініш қабылдау тетігі іске қосылды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметінше, оған 11 бағыттағы 424 ұсыныс келіп түскен. Сондай-ақ Ұлттық құрылтай жұмысын насихаттайтын арнайы бағдарламалар ашылған.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Осы жылдың басынан бері айына бір рет Хабар телеарнасында «Ұлттық құрылтай» атты арнайы бағдарлама көрсетіліп келеді. Оған әр кезеңде әр түрлі өңір қосылады. Бағдарлама Ұлттық құрылтай мүшелерін, сарапшылар елімізді дамытуға ықпал ететін ұсыныстарды талқылайды. Бұл бағдарлама қазіргі кезге дейін жарыққа шығады. Әр бағдарлама арнайы тақырыпқа түсіріледі. Оған құрылтай мүшелері, сарапшылар кезекпен шақырылады.

Сессия аясында құрылтай мүшелері, қазіргі ақын-жазушылар шығармаларында ұлттық құндылықтарға басымдық беру, отандық әдебиет пен киноны дамыту жайын талқылады. Сарапшылар мұражайлар мен әдеби орталықтар және кітапханалардың жағдайын жақсарту қажет деген ойын ортаға салды.

Азамат Сатыбалды, Ұлттық құрылтай мүшесі:

- Біз, әрине, тек қана коммерциялық бағытта киноларды көріп жүрміз. Бұл комедия. Оны түсінеміз. Ол өте жақсы нәрсе. Ол болу керек. Соның қасына басқа аналогы бар, басқа да Қазақфильм түсірген, мемлекеттік деңгейдегі, басқа да жанрлардағы кино көрсететін кинотеатрлар салуымыз керек. Өйткені біздің мемлекетте 68 мемлекеттік театр бар. Ал бір де бір мемлекеттік кинотеатр жоқ.

Бұдан бөлек, ерекше күтімді қажет ететін балалар үшін инклюзивті мектептер санын арттыру да кезек күттірмейтін мәселе, - дейді мамандар.

Эмин Аскеров, Ұлттық құрылтай мүшесі:

- Бұл біреулерге кішкентай мәселе болып көрінуі мүмкін. Бірақ біз бұған басқаша көзқараспен қарауымыз керек. Мейлі ол қандай бала болса, біріншіден, ол адам. Ал адам құқығы, тағдыры біздің елімізде бірінші орында тұрады. Даму кешеулі деген балалар саны көбейіп жатқандықтан, осы бағыттағы балабақшалар өте аз. Жетіспейді деуге болады. Ал оларды үлкен қалаларға апарып дамытуға ата-аналарының қалтасы көтермейді. Сондықтан мемлекет әлеуметтік кәсіпкерлік саласын дамытуды қолға алу керек. Әйтпесе, қоғамда ертең өз орнын таба алмай, мемлекетке масыл болатын адамдар қатары көбейетін болады.

Дихан Қамзабек, Ұлттық құрылтай мүшесі:

- Біз бұрында айтушы едік қой, «бірінші – экономика, екінші – идеология» деп. Керісінше, осынның қайсы алға шығу керек дегенде, біз екеуі тең жүруі керек деп айтамыз. Бірін-бірі кейін қалдыра тұру деген нәрсе болмайды. Халықтың сұранымына сай қызмет етуіміз керек.

Жұмыс секциялары барысында көтерілген бастамалар іске асуы үшін арнайы іс-шаралар жоспары әзірленеді. Ұлттық құрылтайдың ресми сайты мен әлеуметтік желілердегі аккаунттары іске қосылды. Осылайша, Ұлттық құрылтай азаматтардың шағымдарын жинайтын ашық диалог алаңына айналып отыр. 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбішев.