Қ.Тоқаев: Шекарадағы аудандар қайта ашылады
Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандары қалпына келтіріледі.
Мемлекет басшысы осындай шешім қабылдап, елдің мерейін асыратын жаңалықты бүгін Ұлттық Құрылтайда жеткізді. Алқалы жиында Қасым-Жомарт Тоқаев шекарадағы аймақтардың мәселесін көтерді. Сосын жер хақында айтты. Шетелдіктерге бір уыс топырақ та, бір қарыс жер де берілмейді.
- Ал әкімдер мен министрлер шашау шығармай жұмыс істеуге тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекет басшысын мадақтауды доғару керек. Президент – әулие емес, халықтан биік тұлға емес» деді. Екінші ұлттық құрылтайда тағы не айтылды?
Қорған Қонысбайұлы @korgantore
- Елді ұйыстыратын құрылтайдың алғашқы отырысы былтыр ұлт ұясы Ұлытауда өткен. Сол кезде Мемлекет басшысы екінші құрылтайды қасиетті Түркістан төрінде ұйымдастыруды ұсынды. Бұл шаһардың біз үшін тарихи маңызы зор. Осынау топырақта хан-сұлтандарымыз дамылдап жатыр. Қазақта Күлтөбенің басында күнде жиын деген сөз қалған. Сол Күлтөбе біздің ту сыртымызда. Яғни кезінде мына жерде елдік мәселе шешілген талай кеңес, жиындар өткен. Сондықтан екінші құрылтайға Түркістанның таңдалуы бекер емес.
Қазақта өткен құрылтайдың бәрі ел дамуына айрықша әсер еткен. «Кеңесшіл ел кемдік көрмейді» деген нақыл содан қалса керек. Бабалар жолымен Құрылтай шақыру дәстүрін былтыр Мемлекет басшысы қайта жаңғыртты. Президенттің көздегені елдік мәселеде ел азаматтарымен бір шаңырақ астында бас қосып, кеңесу.
Қ. Тоқаев: Ұлттық құрылтай – той емес
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Сөз басында бірден атап өтейін, меніңше, Ұлттық құрылтай бұл арқаны кеңге салып отыратын жиын емес. Сән-салтанатпен өткізетін той да емес. Бабаларымыз маңызды шешім қабылдар кезде немесе елге қатер төнген сын сағатта құрылтай шақырған. Бүгінгі құрылтайдың отырысы еліміздегі қайғылы оқиғадан кейін өтіп жатыр. Абай облысында алапат өрт шығып, азаматтарымыз қаза тапты. Тағы да қайталап айтқым келеді: біз мұндай оқиғадан сабақ алуымыз керек, нақты шешімдер қабылдауымыз қажет.
Мемлекеттік наградалар тарихи тұлғалардың есімімен аталады
Алқалы жиында Ұлттық құрылтай төрағасы 8 мәселеге тоқталды. Әуелгісі – еңбек адамы мен оған берілетін мемлекеттік награда. Қазір бізде Әл-Фараби, Абай, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы сыйлықтар бар. Алдағы уақытта да мемлекеттік наградалар айтулы тұлғаларымыздың есімімен аталады. Әсілінде ұлттық идеология осындай шешімдер арқылы қалыптасады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Қолданыстағы кейбір ордендерді халқымыздың біртуар перзенттерінің есімімен атау мәселесін ойластыру қажет. Мысалы, Бейбарыс Сұлтан және басқа да тарихи тұлғалар атындағы орденнің иегері атану кім-кімге де зор мәртебе болар еді. Мен бұған дейін «Ел бірлігі» атты жаңа мемлекеттік награда әзірлеп, бекітуді тапсырдым. Алдағы Республика күнінде бұл марапат алғаш рет тапсырылады. Келесі жылғы Республика күнінде тарихи тұлғалардың атымен аталған ордендерді табыстаймыз. Жыл соңына дейін осы мәселені мұқият сараптап, нақты ұсыныс енгізу қажет.
Ел тарихының көптомдық жинағы жарық көреді
Екінші - ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту. Тарихта айрықша орны бар тұлғалардың бірыңғай тізімі жасалып, төл шежіремізді дәріптейтін көптомдық әзірленеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Жеті томдық еңбекте еліміздің шынайы шежіресі толығымен жазылуы қажет. Көптомдықтың тілі жеңіл, мәтіні кез келген жастағы оқырманға түсінікті болуы керек.
"Яссауитану" ғылыми орталығы құрылады
ЗКТ: Түркістанда тұрған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі руханиятымыздың байлығы. Бұған дейін осы кесенеге ұлттық мәдени-тарихи ескерткіш мәртебесін беру ұсынылған. Бастаманы бүгін Мемлекет басшысы құптады. Әрі «Ясауитану» ғылыми орталығын немесе институтын құру керек деді. Осыдан соң Мемлекет басшысы ономастикаға тоқталды. Жасыратыны жоқ, кейбір адамдардың қалауымен өмірбаяны қолдан жазылған Кеңес дәуірінің қайраткерлері бар. Енді мұндай жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беру тоқтатылады. Жалпы, ономастика саласындағы олқылықтар бұдан былай қадағалауда болады.
Ономастикаға айрықша мән беріледі
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Ономастика – бұл ата-бабаларымызға байланысты я белгілі тұлғалардың туысқандарының ісі емес. Бұл мемлекеттің шаруасы. Осы саладағы барлық рәсімдерді іс жүзінде реттеу маңызды. Онда аймақтардың ерекшелігімен қатар, жалпыұлттық басымдықтар да ескерілуі керек.
Ұрпақ тәрбиесі – ұлт мәселесі
Төртінші - ұрпақ тәрбиесі. Бұл күн санап өзекті болып бара жатқан мәселе. Себебі қазір жас буынның тәлім алатын жері - әлеуметтік желі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керек. Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр. Соңғы кезде оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кетті. Оны, тіпті, бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге салу «сәнге» айналды. Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді.
Ақпарат саясаты қайта қаралады
Бесінші - ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, креативті индустрияны дамыту. Бұл салада кем-кетік аз емес. Сондықтан ақпарат саясаты түбегейлі қайта қаралмақ.
Бибігүл Жексенбай ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары
"Балалар кітапханасы" жаңа бағдарламасы әзірленеді
Идеологиядағы басты бағыттың бірі – кітап. Бірақ, біздің нарықта шетелдік ӘДЕБИЕТ басым. Кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді. Қазір елдегі мектеп кітапханаларында 130 миллионнан астам туынды бар. Бірақ, көркем әдебиет аз.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қ. Тоқаев: Кино саласын реформалау керек
Мемлекет басшысы бүгін «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарлама әзірлеуді міндеттеді. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалады. Сөйтіп сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болады. Құрылтайда кино мәселесі ДЕ көтерілді. ФильмДЕР ЖӨНІНДЕ өнер қайраткері Азамат Сатыбалды сөйледі. Қазір елдегі киноның 90 пайызы қазақ тілінде. Бір қарағанда көңіл толатын сан. Бірақ, мұның дені комедиялық жанрдағы туынды. Мазмұны жоқ.
Азамат Сатыбалды, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры
- Азамат Сатыбалдының ұсынысын Мемлекет басшысы қолдады. Арзан кинодан тек кинотеатр иелері ұтады. Билеттен түскен қаржының едәуір бөлігі тағы да сол кинотеатрлар мен жеке компания басшыларының қалтасына кетеді. Бұл салаға тың серпін керек. Киноиндустрия бұдан былай экономиканың жеке тармағы ретінде қарастырылады. Туындылардың мазмұнына баға беріледі. Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақ шетелдің кейіпкеріне емес, өз батырларымызға қарап бой түзеуге тиіс деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Кезінде шыққан «Қыз Жібек», «Отырардың күйреуі», «Атаманның ақыры» сияқты классикалық фильмдер түсірілуі керек деп санаймын. Сол кезде шығармашылық еркіндік, мол қаражат және компьютерлік графика да болған жоқ. Дегенмен, фильмдер түсірілді, әлі күнге дейін халықтың жүрегінен ойып тұрып орын алады. Шынын айтуымыз керек, соңғы кезде түсірілген тарихи фильмдердің олқылықтары көп. Сол үшін мамандармен ақылдасып, жалпы кино саласын реформалау керек.
Шекарадағы аудандар қайта ашылады
Құрылтайда стратегиялық маңызға ие мәселе қаралды. Бұл шекаралас аймақтарды дамыту. Осы орайда Мемлекет басшысы көпшілікке ақжолтай ақпар жеткізді. Ертеректе жабылып қалған аудандар қайта ашылаДЫ. Қасым-Жомарт Тоқаев бабадан қалған ұлан-ғайыр атырапты сақтап, көркейту – қасиетті борышымыз деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Осы орайда «Жеріміз шетелдіктерге сатылып жатыр» деген сөз ара-тұра айтылып жатады. Бұл жалған ақпарат. Біз бабалар аманатына әрдайым адал боламыз. Шетелдіктерге қазақтың бір қарыс жерін де, бір уыс топырағын да бермейміз. Оны көздің қарашығындай сақтаймыз. Шекара маңындағы елді мекендердің ахуалы жеріміздің тұтастығына және еліміздің амандығына тікелей ықпал етеді. Шын мәнінде бұл стратегиялық маңызы бар мәселе. Өкінішке орай, шекара шетіндегі кейбір елді мекенде халық саны күрт азайып кетті. «Аманат» партиясы бірқатар шекаралас ауданды қалпына келтіру туралы бастама көтергенін білесіздер. Үкімет менің тапсырмаммен бұл мәселені пысықтады. Мен соған сәйкес Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы негізгі шешімді қабылдадым.
Қажетті есеп-қисап жасалады. Бюджет қаралады. Тиісті жұмыстың бәрі биыл аяқталып, алдағы екі жылдың ішінде осы үш аудан қалпына келтіріледі.
Дәулет Тұрлыханов , ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қ. Тоқаев: Президент халықтан биік тұлға емес
Президент құрылтайды мемлекеттік аппарат мәселесімен түйіндеді. Басшылық құрамды жаңарту жұмысы жалғасады. Мемлекеттік аппарат өкілдерінің сана-сезімін өзгертуге басымдық берілмек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Мемлекет басшысы ретінде айтарым, министрлердің, әкімдердің және басқа да мемлекеттік қызметшілердің бойында негізгі екі қасиет болуы керек. Бұл профессионализм, яғни нағыз маман болу және отаншылдық. Ал, олардың Президенттің жеке басына адалдығы мен үшін маңызды емес. Мемлекет басшысын мадақтаудан гөрі жұмысты адал атқарып, халықтың алдында абыройлы болу әлдеқайда маңызды. Президент – әулие емес, халықтан биік тұлға емес. Барлық мемлекеттік қызметшілерге осыны айтқым келеді.
Үшінші құрылтай Сарайшықта өтеді
Елге өзгеріс керек деп жиі айтамыз. Бірақ сол өзгеріс саясат, экономикамен шектелмеу керек. Мемлекет басшысы Ұлттың рухын жаңғыртуға күш салатынын айтты. Бұл міндетті абыроймен атқарсақ, қазақтың ренессанс дәуірі, яғни түбегейлі өзгерістер заманы келеді деді. Екінші құрылтай осылай ерекшеленді. Бұл жолы негізінен руханиятқа басымдық берілді. Келесі отырыс атақты хандарымыз ордасын тіккен Сарайшық қаласында өтеді.
Қорған Қонысбайұлы, Еділ Ермекбаев, Ділмұрат Сейдаханов