Астанада банкке шабуылдаған қаскөй тергеліп жатыр

Бүгін елорданың күштік құрылымдары аяғынан тік тұрды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түс ауа қаланың қақ ортасындағы банк ғимаратын қарулы ер адам басып алып, 7 адамды кепілге алды.

Оқиға орнына полицейлер жедел жетіп, айнала толық қоршалып, арнайы операция бастаған. Операцияны Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов басқарды. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Кепілге алған банк қызметкерлері босатылып, қаскөй ұсталды.

Арнайы операция жергілікті уақытпен сағат 16:55-те аяқталды. Тұтқындағы 7 адам босатылып, қаскөй ұсталды. Операцияны Ішкі істер министрі өзі басқарды. Марат Ахметжановтың айтуынша, басқыншының назарын аудару үшін шу шығаратын граната қолданылған. Ғимаратқа басып кірген соң, полицейлер көз ашытатын газ шашты.

Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:

- Қылмыскер ұсталды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Ішінде болған жәбірленушілер аман-сау. 7 адамды босаттық. Жеке құрамның жоғары дайындығын айтқым келеді. Осындай қылмыскермен келіссөз жасап, арнайы шабуыл жасап, жәбірленушілерді босатты. Қазір банктің ішінде тергеу амалдары жүріп жатыр. Барлығы – осы банктің қызметкерлері. 7 қыз бала. Барлығы босатылды.

Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Кепілде болған банк қызметкерлері де, басқыншы да аман. Тұтқынға түскен 3 азамат қорқақтап қалған. Олардың жағдайын медицина қызметкерлері оқиға орнында тексеріп, көмек көрсетті.

Раушан Арманқызы, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ресми өкілі:

- Кепілге алған тұрғындардың арасында жаралағандар жоқ. Жедел медициналық жәрдем қызметкерлері стреске жедел реакция диагнозымен 3 кепілге алынған тұрғынды тексерді. Ешкімді ауруханаға жатқызудың қажеттілігі туындамады.

Қазір бұл оқиғаға қатысты қылмыстық кодекстің 261-бабы 2-бөлігінің 4 және 8-тармақтарымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бас прокуратураның мәлімдеуінше, банкке қарумен баса көктеп кірген тұлға Мурадов А. деген азамат екен. Жамбыл облысының тумасы. Бұрын бірнеше мәрте қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ал 2013 жылдан есірткіге тәуелді адамдар есебінде тұр. Қазір құрықталған азамат тергеу изоляторына қамалды.

Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:

- Әртүрлі талаптары болды оның қойған. Енді соның бәрін осындай келіссөз кезінде қарап, сөйлесіп. Сосын енді көп қойып жатқан талаптары заңсыз. Сондықтан осындай күш қолдануды жөн көрдік. Жан-жақты қарап, ең бірінші, біздің азаматшаларға ешқандай қауіп төндірмейтіндей жағдай жасап, сосын шабуыл жасадық. Қасында қыз болды. Біздің бірінші қызметкер жүгіріп барып, қызды қолынан жұлып алып, өзінің денесімен жапты. Содан кейін қалғандары біздің шұғыл қызметкерлер кіріп, өзін құрықтады.

 

Қаскөймен келіссөз жүргізуге кәсіби мамандар тартылды. Ішкі істер министрі өзі тікелей келіссөз жүргізген. Одан бөлек, Оқиға орнында «Арлан» арнайы жасағының қызметкерлері жұмыс істеді. Әскери қызметшілер арнайы операцияға тартылған жоқ.

Тұрғындар:

- Түстен кейінгі уақытта КСК-дан үйлеріңнен шығыңдар деді. Міне 3 сағаттай болды, далада жүрміз.

- Атыс бола ма деп қорықтық. 7 адамды кепілдікке алғанын естідік.

- Сағат 1 жарымда полиция қызметкерлері барлық көршілер, тұрғындарға шығыңдар деп айтты. Осы аулада болдым куәгер ретінде. Көп полиция қызметкері, спецназ болды. Зардап шеккендер болған жоқ.

Риат Шони, тілші:

- Оқыс оқиға болған жердегі жағдай біршама тұрақталды. Қазір тұрғындардың, көліктердің жүріп-тұруына ешбір шектеу жоқ. Полиция қызметкері тек қана банк бөлімшесінің алдын күзетке алған. Ал ғимарат ішінде тергеу амалдары жүріп жатыр.

Айта кету керек, барлық тергеу амалдары аяқталғаннан кейін Ішкі істер министрлігі алдағы уақытта осындай оқыс оқиғалардың алдын алу үшін банктерге арнайы нұсқаулықтар беретін болады.

Авторлары: Риат Шони, Бекзат Аман.