Президент: Санкция талаптарын сақтаймыз

Германия тарапымен келіссөзден кейінгі бірлескен мәлімдемеде Қасым-Жомарт Тоқаев Украинадағы жағдайға қатысты Қазақстанның ұстанымын тағы да нақтылады.

Біріншіден, біз Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын қатаң сақтауымыз керек. Екіншіден, біз Қытайдың, сондай-ақ басқа да мемлекеттердің барлық бейбіт бастамасын қолдауымыз қажет. Сондықтан жақын арада Украинадағы қарулы қақтығыс тоқтайды деп үміттенеміз. Қазақстанға келетін болсақ, біз осы мақсатқа қол жеткізуге өз үлесімізді қосуға дайынбыз. Сонымен қатар біз Ресеймен стратегиялық серіктеспіз және бірнеше ұйымның мүшесі екенімізді атап өткен жөн. Сондықтан біздің мақсатымыз – екіжақты және халықаралық ұйымдар аясында өзара ынтымақтастығымызды нығайту деді Президент. Осыдан соң Мемлекет басшысы санкциялардың сақталуына қатысты пікір білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Біз, ең алдымен, ДСҰ ережелері мен нормаларын басшылыққа аламыз. Сондай-ақ халықаралық нарықта қабылданған барлық ережені сақтаймыз. Ал екі мақсатта қолданылатын тауарлардың Ресейге экспорты туралы айтар болсақ, бұл мүлдем шындыққа жанаспайды. Өйткені жаңа ғана айтқанымдай, біз ДСҰ ережесін және Еуропалық Одақ жариялаған барлық санкция талаптарын сақтаймыз. Әйтсе де, Ресеймен сауда-саттық жасаймыз. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 28 миллиард долларға жетті. Бұл қолданыстағы халықаралық стандарттарға толық сай келеді.