Қазақстан мен Германия қандай келісімге келді?
Қазақ-неміс қарым-қатынасының қарқыны күшейеді.
Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев пен Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер кездесуінде келіссөздер сәтті аяқталып, бірқатар келісімдерге қол қойылды. Инвестиция, энергетика, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастық тереңдеп, білім, геология, экономика салаларында ортақ жобалар жүзеге асатын болды.
Еліміз сыртқы саясатта қашан да белсенді. Соңғы кезде бұған тіпті қарқын қосты деуге болады. Мемлекет басшысының шетелдерге үздіксіз сапары мен елде саяси тұлғаларды жиі қабылдауы соның айғағы. Ал бүгін Ақордаға Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер келді. Оның үстіне бұл саясатта ең мәртебелі саналатын мемлекеттік сапар.
Тоқаев пен Штайнмайердің қызмет жолы ұқсас. Екі Президент те кезінде сыртқы істер министрі болған. Сондықтан әлемдік саясатты жақсы біледі.
Қорған Қонысбайұлы @korgantore
- Франк-Вальтер Штайнмайер – батыс саясаткері. 2017 жылдың наурызынан бері Германияның Федералды президенті. Сақа саясаткер біздің елге геосаяси күрделі кезеңде келіп отыр. Осылайша Қазақстан мен Германия арадағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндігін қарастырмақ.
Тараптар Шығыс залына беттеді. Әуелі шағын құрамда келіссөз өткізді. Сосын кеңейтілген құрамда кездесті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Сіздің сапарыңызды асыға күттік. Бұл сапар Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықтың дамуына тың серпін беру үшін өте маңызды. Германия – Қазақстанның Еуропалық Одақтағы негізгі серіктестерінің бірі. Түрлі саладағы ынтымақтастықты нығайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.
Франк-Вальтер Штайнмайер, Германияның федералды президенті:
- Біз дипломатиялық қарым-қатынасымыздың соңғы 30 жылына ғана емес, сонымен қатар сіз айтып өткендей, ынтымақтастығымыздың барлық салада қарқынды дамып келе жатқанына назар аударамыз. Неміс компаниялары Қазақстанға қомақты қаражат құйып келеді және бұл бағыт тек экономикалық саламен шектелмейді. Біздің Президент мырзамен ұстанымымыз ортақ және Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды реформаларға үлкен құрметпен қараймыз.
Екі елде сауда-экономикалық ынтымақтастықтың аясын кеңейтуге бейілді. Келіссөз барысында да көп айтылғаны осы. Себебі Германияның Орталық Азия елдерімен сыртқы саудасының 80 пайыздан астамы біздің елге тиесілі. Былтыр екіжақты сауда-саттық шамамен 10 миллиард доллар болды. Қазақстан Германияның басты 50 экономикалық серіктесінің бірі.
Ерсұлтан Жансейітов, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
- Қазақстан Германияны мұнаймен қамтамасыз етіп отырған негізгі төрт мемлекеттің бірі. Бұл елге негізінен шикізат жөнелтеміз. Атап айтсақ, қара алтын, металл жіберсек, немістерден көлік пен технология әкелеміз. Енді азық-түлік экспортына басымдық берілмек.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі:
- Соңғы уақытта Германияға ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізе бастадық. Оның ішінде зығыр және қарақұмық экспортын атап өтуге болады. Еуропа елі қазір біздің табиғи өнімдерге қызығушылық танытып отыр. Сондықтан келешекте арадағы сауда айналымы осы бағытта өсуі мүмкін. 860 млн долларға 100 тауар түрін жөнелте аламыз.
Энергетика, өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, көлік және логистика, жаңартылатын энергия, сирек кездесетін металдарды игеруде де келісім бар. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысындағы жаңа кен орнында қазақ пен неміс бірлесіп жұмыс істейді.
Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Германияның үлкен компаниясы осында литий кен орынын дамыту бойынша үлкен қаржы, яғни шамамен 2 кен орынын 700 млн қаржы салып, соны игеруге бағытталып отыр. Жаңа кен орыны. Қазір білесіздер литийді мына батарея шығаруға өндіреді. Өздеріңіз білесіздер қазір Қазақстан ЕуроОдақпен бірге мына сирек кездесетін материалдар бойынша тиісті жұмыс атқарып жатыр.
Бір бұл емес. Неміс компаниялары біздегі жасыл энергетика саласына инвестиция құяды. Тараптар Маңғыстау өңірінде жасыл сутегі өндіретін зауыттың құрылысын бастауды құптады. Құны 50 миллиард доллар болатын жобаны неміс-швед компаниясы жүзеге асырады. Ал оған керекті мамандар Ақтауда оқытылады. Сапар аясында білім-ғылымға қатысты 7 келісім бекіді.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Маңыздылығы Маңғыстау өңірінде үлкен жасыл сутегі зауыты ашылады. Сол водород баламалы энергияның жаңа қайнаркөзіне айналды. Бұл үлкен өндіріске кадрлар дайындау, қолданбалы зерттеулер орталығы ретінде Есенов университеті және жаңадан құрылып жатқан неміс институты болып табылады. Келесі 10 жылда баламалы зерттеудің үлкен орталығын Ақтау қаласында қалыптастыруға.
Геосаяси жағдай ушығып жатқанда кім-кімге де жаңа сауда жолдары керек. Бұл орайда Транскапий бағдарының әлеуеті зор. Мұның игілігін немістер де көре бастады. Мәселен, бірер күнде Еуропаның ірі логистикалық компаниясы Транскаспий арқылы алғашқы жүкті Қытайдан Германияға жеткізеді. Яғни Орта дәлізді дамытуға неміс тарапы да үлес қоспақ. Жалпы Қытай – Еуропа арасында құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайызы біз арқылы кетеді. Бұл дегеніміз Қазақстан өңірлік хабқа айнала бастады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Қазақстан Германия экономикасын энергиямен және қажетті шикізатпен тұрақты қамтамасыз ете алады. Бұл қазіргі күрделі геосаяси және геоэкономикалық кезеңде аса маңызды. Германия тарапының өтініші бойынша Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына Қазақстан мұнайын жөнелту соның нақты мысалы. Жоспарланған шараларды тиімді жүзеге асыру үшін Штайнмайер мырзамен талқыланған бірнеше мәселені шешу қажет. Соның бірі көлік-логистика байланысын күшейту. Бүгінде «Орта дәліз» деп аталатын Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызы артып келеді. Біз мұны кездесу барысында ерекше атап өттік. Орта дәліздің негізгі бөлігі Маңғыстау облысы арқылы өтеді.
Ф. Штайнмайер Маңғыстау өңіріне барады
Ақтауға ертең Штайнмайер мырзаның өзі барады. Бұл Батыс елдері басшыларының осы өңірге жасайтын алғашқы сапары болғалы тұр. Германияның Федералды Президенті Маңғыстаудағы теңіз портына соғып, сондағы мүмкіндікті көзбен көрмекші. Яғни мемлекеттік сапардың ерекшілігі де осы. Мұның артында екі елге де олжа салатын мол мүмкіндік жатыр.
Қорған Қонысбайұлы